RU

Еліміздегі ең жас 7 балалы ана далада қалуы мүмкін

Еліміздегі ең жас көп балалы ананың далада қаңғып қалатын түрі бар. Қызылордада тұратын 27 жастағы жеті баласы бар Нәзира Сабырәлиеваға банк "ертеңнен бастап баспананы босат" деген талап қойып отыр.

Ал ипотекалық несиеге әупірімдеп баспана алған отбасының қазіргі табысы бар болғаны 10 мың теңге. Ол да балалардың жәрдемақысы. Жергілікті билік өкілдері жас анаға қолдау көрсетудің орнына "шамаларыңа қарамадыңдар ма" деп көңілдерін қалдырыпты.

Нәзира бүгінде бала тәрбиесімен үйде. Жолдасы екі қолға бір күрек таба алмай, қара базарда арба итеріп жүр. Сондықтан да олар тек ай сайын 7 балаға берілетін жәрдемақымен жан бағып отыр. Ол аздай, енді өздері тұрып келген мына баспаналарын да босатуға мәжбүр. Себебі, банк 1 маусымға дейін уақыт берген.

Тұрақты табысы жоқ олар ипотекалық несиені нағашы ағаларының атына рәсімдеген. Бастапқыда тірнектеп тапқан тиындарын уақытылы төлеп келгенімен, соңғы 11 айда қаражаттары қара нанға әзер жететін жағдайға жеткен. Енді жас ана 7 баласын ертіп қайда бас сауғаларын білмей отыр.

Нәзира енесі екеуі басына түскен қиыншылықты айтып талай табалдырықты тоздырған. Бірақ басшылар көмектесудің орнына "шамаларыңа қарамадыңдар ма" деп көңілдеріне қаяу түсіріпті. 

"Облыс әкімі Көшербаевтың тапсырмасымен қалалық әкімге келіңіз"  деді. Барып едік. Жаңағы қарағым айтады,  "қалай күн көріп отырсыңдар 7 баламен",- дейді. Мен айттым, "айналайын, сенің де мендей анаң бар шығар. Енді саған шапкамды жаямын ба, енді қайыр сұрап. Бұл не айтқаның?!" деп әлі күнге дейін жүрегімде тұр сол өзі. Мынау не деген сұмдық?" -  дейді балалардың әжесі Күнқияш Жанқуатқызы.

Нәзира көп балалы ана ретінде 200 жылы тұрғын үй кезегіне тұрған. Қазір 1842-ші орында тұр. Ал Қызылордада жылына тек 200-ге жуық қана үй қолданысқа беріледі. 

Ал қалалық тұрғын үй инспекциясы баспанаға зәру отбасыға кезектен тыс ешқандай пәтер берілмейтінін жеткізді.

Осылайша, Нәзираның назын тыңдап, назар аударатын ешкім табылмай тұр. Сондықтан ол "үйімізден қуып шығады ма" деген үреймен өмір сүріп жатыр. Аязбаевтар отбасы бұл үйді ертең босатулары тиіс. Ал, қаннен-қаперсіз ойын құшағында жүрген балғындар болса, балаларды қорғау күні мерекесін басқаша жағдайда қарсы алуы мүмкін.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/265970-elimizdegi-en-zhas-7-balaly-ana-dalada-kaluy-mymkin.html