RU

Отандық ғалымдардың еңбектері өндірісте пайдаланылмақ

Жақын арада отандық ғалымдардың еңбектері өндірісте пайдаланбақ. Алматы іргесіндегі "Алатау" технологиялық паркі соңғы 10 жылда аумағы ұлғайып, қатысушы компаниялар саны да арта түсіпті.

Ал жаңа технологиялардың алғашқы тұсаукесері биылғы жылға жоспарланған. Кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа солардың бірі таныстырылды деп хабарлайды КТК арнасы.

Қазақстандық ғалымдар құрастырған телевизия саласының өнімі арқылы Сочидегі Олимпиада ойындары тікелей эфирде көрсетілмек. Жаңалықтың басты ерекшелігі экранда кеңістіктің барлық бөлшектері анық көрініп, шынайылыққа ие болады.

Парк аумағын кеңейтуге былтыр қосымша 3 млрд теңге бөлініп, құрылыстың екінші кезеңін 2014 жылы аяқтау көзделіп отыр. Ол үшін Алматы облысында мақсатты түрде қолданылмай жатқан жер телімдері мемлекет меншігіне қайтарылу мәселесі де қозғалды.

Ал жаңа технологияларға бөлінген қаржыны тез арада ақтау үшін қазір инновациялық технопаркке қатысты жаңа заң жобасы қарастырылуда. Ол қабылданған жағдайда парк барлық салық түрінен босатылады. Яғни инфрақұрылымдарды жүргізу жұмысын жеңілдетіп, жаңалықтарды нарыққа шығаруға жол ашпақ.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/266555-otandyk-galymdardyn-enbekteri-ondiriste-pajdalanylmak.html