RU

Ұлттық банк "Қара кірпі" монеталарын айналысқа енгізді

Бүгін ҚР Ұлттық банкі "Қазақстанның қызыл кітабы" монеталар сериясынан 500 және 50 теңгелік "Қара кірпі" монеталарын айналысқа шығарды.

Олардың бет жағындағы орта бөлігінде кірпінің стильдендірілген бейнесі, монетаның номиналын білдіретін "500 ТЕҢГЕ" жәнем "50 ТЕҢГЕ" деген жазулар орналасқан. Жоғары бөлігінде соғылған жылын білдіретін "2013" деген сан, айналдыра шығыңқы жиек пен "ҚАЗАҚСТАН ҰЛТТЫҚ БАНКІ" деген жазу және Қазақстан теңге сарайының тауар белгісі бар.

Сырт жағында жиырылған кірпінің бейнесі орналасқан. Айналдыра мемлекеттік тілде "ҚАРА КІРПІ" және кірпінің осы түрінің латын тіліндегі зоологиялық аты - "HEMIECHINUS HYPOMELAS" және шығыңқы жиек бар. Бет және сырт жағындағы бейнелер мен жазулар бедерлі.

Номиналы 500 теңгелік монета 925 сынамды күмістен жасалған, массасы - 31,1 грамм, диаметрі - 38,61 мм, дайындау сапасы - "proof", таралымы - 5 мың дана. Ал нейзильбер қоспасынан жасалған номиналы 50 теңгелік монетаның диаметрі - 31 мм, массасы - 11,17 грамм, таралымы - 100 мың дана.

Қара кірпінің салмағы 500-900 грамм, ұзындығы 226-272 мм, жуан және ұзын (40-42 мм) инелері бар. Ол батпақты, құмды, тасты шөлдер мен оазистерді мекендейді. Жападан жалғыз түнде тіршілік етеді. Қазақстанның оңтүстік-батысында кездеседі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/266788-ylttyk-bank-kara-kirpi-monetalaryn-ajnalyska-engizdi.html