RU

Қазақстанда 400-ге жуық діни миссионерлер тіркелген

Қазақстанда 394 миссионерлер тіркелген. Бүгін Парламент Мәжілісінде өткен Үкімет сағаты барысында ҚР Дін істері агенттігінің төрағасы Қайрат Лама Шариф осылай мәлім етті.

Тоқтала кететін жайт, Дін істері агенттігі қызметінің басты бағыттарының бірі миссионерлік қызметті реттеу болып табылады.

"Осы мақсатта шетелдік миссионерлердің елге келу тәртібі нақты бекітілді. Заңға сәйкес, қазір тиісті куәлік алғандар миссионерлік қызметін нақты ережеде бекітілген және куәлікте белгіленген өңірлерде ғана жүзеге асыра алады. Осы тәртіп негізінде елімізде тіркелген миссионерлер саны 394-ке жетті", - дейді Қ. Лама Шариф.

Сондай-ақ, дін істері агенттігі "E-islam" порталын ашуды қарастыруда.

"Танымал әлеуметтік желілерде Агенттіктің ресми парақшалары ашылды. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында жақын арада ағартушылық бағыттағы "E-islam" порталын ашу жоспарланады",- дейді агенттік басшысы екі жылдың қорытындысы туралы жасаған баяндамасында.

Оның айтуынша, "Е-islam" порталының қолға алуыны өзекті. "Өйткені, жастарымыздың басым бөлігі кітап оқуды қойып барады, ғаламтор мағлұматтарына сүйенеді. Ондағы дүниелердің ақ пен қарасын анықтамастан теріс пиғылдарға да бой ұрып жүргендері баршылық. Соған қарсы ретінде біз "электронды ислам" порталын ашуды жөн деп санадық. Бұл Үкіметтік порталға жатпайды, керісінше үкіметтік емес ұйымдардың порталы болып табылады. Ал оның мақсатына келсек, зайырлы мемлекеттік тұрғыдағы қарапайым халықтың, дінтанушы ғалымдардың, блогерлердің интернеттегі туындап отырған сауалдарына жауаптарын жариялап отыру. Бұған дін сарапшыларын да араластырғымыз келеді", - дейді Қ. Лама Шариф.

Оның сөзіне қарағанда, портал қазақ және орыс тілдерінде жүргізіледі.

Сонымен қатар елімізде діни мазмұндағы шетелдік 45 сайттың Қазақстан аумағында таралуына тыйым салынды.

Қазақстанның Дін істері агенттігі өз қызметін бастаған екі жылдан бері 4344 діни кітап пен ақпараттық материалдарға сараптама жүргізді. Бүгін Парламент Мәжілісінде өткен Үкімет сағаты барысында ҚР Дін істері агенттігінің төрағасы Қайрат Лама Шариф осылай мәлім етті.

"Қазіргі таңда 1923 діни кітапқа дінтану сараптамасы жүргізілуде. Нәтижесінде 148 материал бойынша теріс қорытынды берілді. Діни бірлестіктерді қайта тіркеу барысында агенттік тарапынан 618 жарғыға сараптама жүргізіліп, 17-сіне теріс қорытынды берілді", - дейді агенттік басшысы.

Агенттік төрағасының айтуынша, рухани қауіпсіздікке қатысты маңызды мәселе - діни экстремистік және лаңкестік топтардың ақпараттық кеңістігіне шектеу қою үшін діни бағыттағы ғаламтор ресурстарына бақылау жүргізу.

"Осыған орай, былтыр 1900-ден астам сайтқа талдау жүргізіліп, нәтижесінде заңға қайша идеялары анықталған 45 шетелдік ғаламтор ресурсының Қазақстан аумағына таралуына тосқауыл қою жөніндегі тиісті сот шешімдері шықты. Ал ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында бес жүз сайттың жұмысына талдау жүргізіліп, оның ішінде заңға қайшы ақпараттарды қамтыған 20 ғаламтор ресурсы жөніндегі материалдар прокуратура органдарына жіберілді", - дейді Қ. Лама Шариф.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/268133-kazakstanda-400-ge-zhuyk-dini-missionerler-tirkelgen.html