RU

ОҚО-да алты аяқты, үш мүйізді сиыр табылды

Оңтүстік Қазақстан облысындағы Қарабұлақ ауылында жаратылысы өзге жануар бар. Табиғаты тосын түлік - алты аяқты және үш мүйізді.

Алайда, ағзасындағы артық дене мүшелері ала сиырдың өзге малдар секілді шөпті еркін күйсеуіне еш кедергі келтірмейтін көрінеді. Қожайыны "Артығым" атап кеткен ала сиырдың артық қос аяғы арқасында орналасқан. Төрт түліктің бұл тосын түріне экологияның әсері болуы мүмкін бе?

Артық жаратылысты жақсылыққа жору - қазақтың қашанғы әдеті.  Бірақ ауыл балалары да үрікпейтін, керісінше қасынан үйірсектеп шықпайтын, арқасында аяғы бар, оған қоса, маңдайына үшінші мүйізі шығып келе жатқан жануардың жаратылысы - тосын.

"Молдадан сұрадық, бәрі жақсылыққа жориды. Бұл Құдайдан ғой. Құбыжық болмаса, ешқандай жамандығы жоқ", - дейді эколог маман. 

Бір жасар құнажын биыл буаз шығыпты. Болашақ бұзауының да ел үркетіндей құбыжық болмасына еш кепіл жоқ. Мал дәрігерлері де сайрамдық сиырдың тосын түрінің төлдегенін құптап отырған жоқ.

"Кемтарлығы, ақауы бар төлдердің кедергі келтіретін болса, ондай төлдерді жоюға тырысады. Олардан алынатын ұрпақты, төлдерді пайдаланбаған дұрыс деп ойлаймын", - дейді бұл жәйтке қатысты ҚазҰАУ доценті Қанат Қойбағаров.

Ағзасында артық мүшесі бар мал, мамандардың тілінде аномалиялық  құбылыс. Сайрамдық сиырдан бұрын да, қос басты бұзау болған. Әрине, басқа өңірде. Ал,кемтар мүше,  ақауы бар ағзаның пайда болу себебі  - экологияның әсері деп, эколог мамандар кесіп айтты.

Қышқыл жердің астындағы сумен көлге, бұлақтарға келіп түседі. Аудан халқы, осындай мал уланған су ішіп отыр.Яғни, оңтүстік өңірдегі өзге құбылыс - сол маңайдағы - уран өндірісінің әсері, дейді Мәмбеталин мырза.

Ал, алыстағы ауылда алты аяқты ала сиыры бар Әбдірашит ақсақалдың тосын жаратылысты түлігін зерттеуге барған ғалым болмапты.  Атаның өзі ерекше жануарын 200 мың теңгеге бағалап отыр. Әзірге алатын адам жоқ.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/268136-oko-da-alty-ayakty-ysh-myjizdi-siyr-tabyldy.html