RU

Бурабайда бес жұлдызды қонақ үйлер мен ұлттық нақыштағы шатырлар салынады

Бурабайда курортты аймақты дамытудың жүйелі жоспары таныстырылды.

Туризм индустриясы комитеті әзірлеген жоспарға сәйкес, Бурабай демалушыларды жыл бойы қабылдай алатын және демалыстың кез келген түрлерін қамтитын әлемдік деңгейдегі курортқа айналуы тиіс.

"Шортанды көлінің жағалауы жоғары санаттағы демалыс аймағы ретінде қалыптасады. "Риксос" қонақ үйінен бөлек, мұнда сауықтыру орталығы, бес жұлдызды бутик-отельдер, вилла мен таунхаустар және ұлттық нақыштағы шағын шатырлар салынатын болады", - деді ҚР Индустрия және жаңа технологиялар Министрлігі Туризм индустрия комитеті төрағасының кеңесшісі Қайрат Сәдуәқасов.

Жоғары санаттағы аймақ орналасатын жағалаудағы құрылыс жұмыстары қазірдің өзінде қарқынды жүргізіліп жатыр. Курорт ішінде барлығы 11 бес жұлдызды қонақ үй салу көзделген.

Бурабайда туризмді дамытуға жалпы көлемі 6 миллиард доллар инвестиция тарту жоспарланып отыр. Мұнда жылына 1 миллионға дейін демалушы келеді деп болжанған. Саланың дамуы 29 мың жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Жол, сумен қамту, кәріз жүйесі, электр қуаты және газбен қамту сияқты қажетті инфрақұрылым салып беруді мемлекет өз мойнына алады.

Шағын және орта кәсіпкерлікпен айналысатындар қоғамдық әжетхана, тынығатын шатырлар, жол белгілері, орындықтар, қоқыс салатын жәшік сияқты "жұмсақ" инфрақұрылымды сала алады. Осы орайда Әсет Исекешев, туризм саласын "Бизнестің жол картасы" бағдарламасына енгізуді тапсырды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/268173-burabajda-bes-zhyldyzdy-konak-yjler-men-ylttyk-nakyshtagy-shatyrlar-salynady.html