RU

Алматыда кез-келген жалған құжаттар жасайтын әйел ұсталды

Алматыда жалған диплом жасап, оны сатумен айналысып келген әйел ұсталды. Сорақысы сол, күдікті алысқа бармай-ақ, әрекетін Әл-фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті маңындағы аялдама нысанының ішінде жүзеге асырып отырған.

Осылайша, ол мына жерде он жыл бойы жалған диплом сатып келіпті. Шағын нысанды тінту кезінде институт, университеттердің дипломдары, дәрігерлік куәліктердің бланктері мен білім және ғылым министрлігінің мөрі басылған ақ парақтар тәркіленген.

Мәселен, күдікті дәрігерлік білімді айғақтайтын куәлікті 2-3 күнде дайындап, 16 мың теңгеге сатып отырған. Әрине медициналық дәрежесін көтергісі келетіндердің сұранысы да ескерусіз қалмаған.Тек мұндай қызметтің құны қымбат бағаланған. Қазір тәркіленген жалған құжаттар сараптамаға жөнелтілді.

"Бұл қылмыстық істе 4 жыл бас бостандығынан айыру көзделген. Ұсталған күдікті әйел оған тағылған айыппен келісіп отыр. Осылайша, тергеушілер елімізде осы уақытқа дейін қанша жалған дипломның сатылғанын және оның иелерінің кім екенін анықтауға кірісіп кетті", - дейді қалалық ІІД Баспасөз қызметінің жетекшісі Ермек Болтаев.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/268898-almatyda-kez-kelgen-zhalgan-kyzhattar-zhasajtyn-ejel-ystaldy.html