RU

Алматыдағы ірі жолдармен көлікпен жүру ақылы болады

Қала әкімі Ахметжан Есімов бір реттік жүру құны 10 теңге деп белгіледі. "Тынысы мен жолы тарылған Алматының көшелерін көлік кептелісінен осылай ғана ашамыз" - дейді қала билігі.

Әзірленіп жатқан жобаның құны 40 миллион доллар...

Алматы әкімі Ахметжан Есімов тағы бір жаңалықтың шетін шығарды. Қашан екені белгісіз, бірақ Шығыс айналма жолы, Әл Фараби мен Сайын даңғылдарымен көлікпен жүру ақылы болмақ. Бір реттік жүріп өту әзірге 10 теңге болып белгіленді.

Яғни, осы ірі жолдарға кіреберіске арнайы қондырғылар орнатылып, жүргізушілер ақысын төлейтін болады. Көлік кептелісінен құтылудың жолын іздеген биліктегілер осындай амал таптық деп отыр. Жолдар ақылы болса, қалаға кіретін көлік саны азайып, Алматының жолы да, тынысы да тазарады деген сенімде. Шенеуніктер құны 40 миллон долллар тұратын жобаны әзірлеуді австрия компаниясына жүктепті...

"Жолмен жүрудің ақысын төлеудің әртүрлі жолдары бар. Жүргізушілер өз ақшаларына арнайы құрал сатып алуына болады. Немесе, смарт-карта сатып алып, ақысын кіреберісте тұрған терминалға төлеу жағы да қарастырылған. Күре жолдарға жақын тұратын жүргізушілер мен мүгедектерге жеңілдіктер жасалады".

Алайда, сарапшылар бұл жоба өте шикі деп отыр. Айтуларынша, Алматыдағы көліктер күндіз-түні ағылатын ең ірі жолдарды ақылы жасау көлік кептелісін азайтпақ түгілі арттырады. Терминалға келіп тірелген жүргізушілердің кесірінен бұл көшелермен жүру мүмкін болмайды. Биліктегілер халықты қанау арқылы біреулердің қалтасын қампайтуды көздейді деген де болжам бар...

"Мен әкімдіктегілерге асығыс шешім қабылдамауға кеңес беремін. Қаланың ішіндегі жолдарды ақылы жасау өте тиімсіз. Қала арасындағы тас жолдарға ақша төлесе жарайды. Сондықтан бұл идеяны жан жақты жіті тексеріп барып жүзеге асырмаса, оңбай ұтылады", -  деген пікірін білдірді Тәуелсіз автомобиль одағының төрағасы Эдуард Эдоков.

Онсыз да көлік тығынынан қажыған жүргізушілер жолдар ақылы болады дегенге үрке қарайды. Қыста көктайғақ, жазда жаңбыр суынан көлге айналып жататын көшелерге ақша төлеу ақылға сыймайды деген ұстанымда...

Жобаның қарапайым жүргізушілерге түсініксіз жақтары өте көп. Дегенмен, тек қоғамды шулатқан жаңалықтың шетін ғана шығарған қала билігі ресми мәлімдеме жасамай отыр...

Ахметжан Есімовтың 40 миллион долларлық жобасы қашан жүзеге асатыны да белгісіз. Ал әкімдік қызметкерлері ақылы жолдар туралы сұхбат беріп, түсіндіруге құлқы жоқ. 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/270426-almatydagy-iri-zholdarmen-kolikpen-zhyru-akyly-bolady.html