RU

Талдықорғанда өңірдің ең сұлу аруы таңдалды

Талдықорғанда Жансүгіров атындағы мәдениет үйінде "Талдықорған аруы-2013" сұлулық байқауы өтті, деп хабарлайды BNews.kz.

Бұл байқау – "Қазақстан аруы" ұлттық сұлулық байқауы дирекциясы мен Алматы қаласының Sun Bell сән агенттігінің келісімі бойынша Талдықорған қаласы әкімдігінің қолдау көрсетуімен өткізілетін ресми жоба.

Биыл байқау осымен бесінші мерейтойын атап өтуде. Бұл салада Талдықорғанның мақтан тұтатын жетістігі баршылық: 2011 жылы талдықорғандық Айнұр Төлеуова "Қазақстан аруы" ұлттық сұлулық байқауында жеңіске жетіп, еліміздің ең сұлу аруы атанған болатын.

"Талдықорған аруы" атағы үшін қаланың ең сұлу 13 бойжеткені сынға түсті. Финалға шыққан қыздар қазылар алқасын тек табиғи сұлулығымен ғана емес, сондай-ақ жаны мен тәнінің тартымдылығымен тәнті етуі керек болатын. Олар дефиле өнерін тамашалатып, мың бұралып биледі. Олардың алғашқы өнері Тұмарқыз образына арналды. Соңынан финалға шыққан әр қыз дефиле бойынша өз өнерлерін ортаға салды.

Екінші айналымда қыздар биден жарысқа түсті.

"Талдықорған аруы-2013" сұлулық байқауы қыздардың той көлектерін киіп шығуларымен қорытындыланды.

Байқауға қатысқан барлық 13 қыз марапатсыз қалмады: "Фотомодель ару" - Әнел Күмісбай, "Нәзік ару" - Салтанат Зауренбек, "Сымбатты ару" - Марлен Сымбат, "Күлімсіреген ару" - Жадыра Айсажанова, "Тартымды ару" - Назым Мейрамжанова, "Ақылды ару" - Назерке Жомартова, "Сүйкімді ару" - Айгерім Тілеухан, "Адидас аруы" - Айдана Жұмабекова, "Алиса аруы", "Талдықорғанның бірінші вице-миссі" - Әнел Есжанова, "Талдықорғанның екінші вице-миссі" - Гүлден Айғалиева, "Талдықорғанның үшінші вице-миссі" - Жұлдыз Тұрлыбаева.

Ал бас жүлде – "Талдықорған аруы-2013" атағын Айгерім Шоғалова жеңіп алды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/270630-taldykorganda-onirdin-en-sylu-aruy-tandaldy.html