RU

Қазақстан тарихшылары төмен жалақыға шағымданды

Қазақстан тарихшыларының жалақысы мардымсыз. Сол себепті, аталмыш ғылым саласында кәсіби тарихшылар тапшы.

Бұл туралы Астанада өткен "тарихшылардың ұлттық конгресі" мәжілісінде мәлім болды. Елдің тарих саласындағы саңлақтары бас қосқан келелі кеңесте ұлттық тарих ғылымының ақсар тұстары айқындалды. Тарих ғылымы беделінің бәсеңдеуі сауатты әдістемелік бағдарламаның жоқтығынан.

Сапасыз оқулықтар, ескірген үлгілер мен кадр ресурстарының тапшылығы тағы бар. Соңғы кезде тарихшылардың монотілді болуы мен жерге бөлінуі байқалған. Сондықтан, қазіргі таңда ұлттық тарихты қайта жазып шығу болмаса да, үлкен реформа қажеттігі айтылды.

Болашақта "Қазақстан тарихы" порталы мен "Ұлттық тарихтың көкейтесті мәселелері" атты журнал ашу жоспарға енгізілді.

"Ғылымға аса көңіл бөлінбей, ғылыми жұмыстарға көңіл бөлінбей, ғылым саласында жұмыс істеп жатқан адамдардың айлығы дұрыс болмай, бұл мәселе шешілмейді", - дейді тарих ғылымдарының докторы, профессор Жамбыл Артықбаев.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/271401-kazakstan-tarihshylary-tomen-zhalakyga-shagymdandy.html