RU

Мәдениет қайраткерлері Елбасының өнерсүйгіштігіне таңғалды

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ән мен жырға әуестігі бұрыннан белгілі. Туған жерге деген тебреніке толы "Үшқоңыр", "Елім менің" әндері бүгінде бар қазаққа жақсы таныс.

Ел басқарып жүрген адамның ел алдына шығып ән салуы шарт емес шығар, бірақ, көңілінің қошы келгенде қара домбыраны қолға алатынын естіп, біліп, тіпті, көріп жүрміз.

"Әу" демейтін қазақ жоқ. Жамбылдың тізесінде өскен Нұрағамыз да орайы келгенде, қазақтың қара домбырасын қолына алады.

"Ұлттың жанын түсіну үшін - әнін түсіну керек. Ұлттың сырын тану үшін - жырын тану керек. Нұрағамыз тек саясаткер ғана емес, ұлттың жанын түсінетін адам. Ұлттың жанын түсінбей оны басқару мүмкін емес. Оның осыншама дәрежеге жетуіндегі, тарихи тұлғаға айналуындағы бірден-бір көмекші фактор ретінде осы қазақтың дәстүрлі өнерін бойына сіңіріп өсуінде деп білген болар едім", - дейді әнші, қоғам қайраткері Бекболат Тілеухан.

Әуелетіп ән салу бір бөлек, ал ұлтымыздың ұзақ-сонар жыр-дастандарын жатқа айту - екінің бірінің бойынан табыла бермейтін қасиет. Елбасының бір феномені - ол Иманжүсіптің, Айкүміс пен Жамбылдың, Қатаған мен Сүйінбайдың айтыстарын, Төле бидің "Толғауын" таңды таңға ұрып жатқа айтады. Белгілі жыршы Ақан Әбдуәлі бұған сан мәрте көзі жеткізіпті.

"Төле бидің толғауын айтып берші, деді. Айтпағаныма біраз уақыт болды. Өлең айтады. Осы жерге келгенде, сөзін ұмытып қалдым. Әбден қызарып кеттім. Ол кісі әнді былайша жалғап кетті. Сүйінбай мен Қатағанда да 45 минуттық жырды айтып жатырмын. Сөйтсе, біткеннен кейін, сен анау шумақтарын тастап кеттің ғой деп, есіме түсіріп жатыр", - деп бөліседі жыршы-термеші Ақан Әбдуәлі.

Ал әнші Ардақ Балажанова елбасының алдында талай рет ән айтты, президенттің де қоңыр дауысын талай естіді. "Елбасының елім деп елжіреп тұратын жүрегін тебіреніп айтқан әнінен түсінем", дейді кәсіби әнші.

"Ол кісі әнді тыңдап қана қоймай, соны әсерлі орындай біледі. Жусанның иісін, биік тауларын, атқа мініп, соның бәрін сезінгенде ғана адамның бойына еріксіз әуен келіп, шабыты қозып ән айтады. Туып-өскен жерімен байланысты шығар. Әлжан анасы да керемет ән айтқан ғой", - дейді әнші-термеш Ардақ Балажанова.

Әншілердің таң қалатыны, Президент қазақтың көптеген әнін жатқа біледі. Айтып қана қоймай, тіпті айтылу нақышына дейін кәсіби маманша түзеп отырады екен.

"Қарай көзімді" Президенттің алдында орындадым. Сонда ол кісі, Ардақ, бұлай айтылмайды, сен әнді бұзып айтып жатырсың деп былайша орындап берді. Сонда бұл ән басқаша құлпырып шыға келді", - деп таңғалады әнші.

Елбасы 3 әнге сөз жазды. Туған елі мен жеріне деген сағыныштан туған "Үшқоңыр", "Елім менің", "Жерім менің" бүгінде ел ауызынан түспейтін әндердің бірі.

Мейрамбек Беспаев: "Репертуарымызды әрдайым қадағалап отырады. Алдында отырған кезде, мына өлеңді айт, ана өлеңді айт дейді. Сондайда бізді тыңдап жүретінін дереу білеміз", - дейді.

"Бойындағы ғажап қасиет - кешірімшілдік. Сосын, кісінің көңіліне қарау. Соншама биік шыңда отырған ел басы ғой. Сондай адамның қатардағы адамның жағдайын түсініп, солардың көңіліне қарайлап отырады. Көп әншілермен отырып қалады ғой. Бәрі екі әннен айтып, біреу бір ән айтып қалса, сен де екі ән айта ғой деп, мейіріммен қарап отыратыны жүректі жылытады. Ұлықсыз ел - бассыз дене. Президенттің көп ісі - бүгінгі билікте жүрген талай адамға өнеге. Президент қолына домбыра ұстағаннан кейін, кейбір шенеуніктерді қолдарына домбыра ұстап, үйренуі, мұғалім жалдап жатқанының өзі аз дүние емес",- деген пікірде Бекболат Тілеухан.

Президенттің сан мың шаруасы бар. Соған қарамастан, көңілі хош кезде, қолына қалам ұстап, ар жағында айтылмаған көп дүние ақ өлең болып, қағаз бетіне ағылып жатады. Кейде мінберде сөйлеген екі сағат сөзден екі ауыз шумақ өлең халық жүрегіне терең жол тауып жатады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/271771-medeniet-kajratkerleri-elbasynyn-onersyjgishtigine-tangaldy.html