RU

Қазақстан 2022 жылғы Қысқы Олимпиада ойындарын өткізуге өтініш білдіреді

2022 жылы болатын Қысқы Олимпиада ойындары Қазақстанда өтуі мүмкін.  Алматыда өткен баспасөз маслихатында Ұлттық олимпиада комитетінің вице-президенті Павел Новиков осы жайында хабарлады.

Айтуынша, Қазақстанды 2022 жылғы Қысқы Олимпиада ойындарын өткізуге ниетті елдердің қатарына қосу үшін біршама іс атқарылған. Олимпиада ойындарын өткізуге Қазақстанның мүмкіндігі мен ресурстары жеткілікті. Географиялық орналасуы да өте қолайлы.

"Жалпы Олимпиада ойындарын өткізуге үміткер елдер аз емес. Дегенмен, ұйымдастыру жұмыстары мен барлық қиындықтарды еңсеруге Қазақстанның әлеуеті де, мүмкіндігі де жеткілікті", - дейді ол.

Сондай-ақ еліміз Азия ойындарының арқасында кез-келген жарыстарды қабылдауға әзір екенін көрсетті. Сондықтан 2022 жылғы Қысқы Олимпиада ойындарын өткізуге Қазақстанның мүмкіндігі жеткілікті. Спорттық ойындардың ауқымды шарасын өткізуге ниетті елдердің өтініші 2015 жылға дейін қабылданады.

"Еліміз біртіндеп Олимпиада ойындарын өткізуге жақындап келеді. 2010 жылы халықаралық Қысқы Азия ойындарын өте жоғары деңгейде өткіздік. Енді алда 2017 жылы өтетін Қысқы Универсиада тұр. Содан кейін 2022 жылғы Олимпиада ойындары да біздің елде өтуі тиіс", - дейді Ұлттық олимпиада комитетінің вице-президенті Павел Новиков.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/272064-kazakstan-2022-zhylgy-kysky-olimpiada-ojyndaryn-otkizuge-otinish-bildiredi.html