RU

Жергілікті ғалым кенеге қарсы жаңа әдіс ойлап тапты

Шымкенттік ғалымдар адамдарды кенеден қорғаудың жаңа әдісін ойлап тапты. Биологтар бұл бунақденелілердің көзін құрту үшін өзге жәндіктерді пайдаланбақ.

Бірнеше жыл бойы зерттеу жүргізген ғалымдар осындай қорытындыға келді. Кенеден арылудың әдісі аса қиын емес. Ол үшін тек кенелер үстіне жұмыртқалайтын жәндіктердің санын көбейту керек екен.

"Табиғи жауларын тапқанбыз. Табиғи жаулары жәндіктер. Олар мінушілер деп аталады. Бұлар өзінің жұмыртқаларын кенелердің лимфаларына салады. Сол жұмыртқалар көбейеді. Балаң құрт болады. Сол балаң құрттар кененің ішін жеп, сол жерде ұшып шығады. Сыртындағы қабығы қалады. Сонымен кенелер өледі", - дейді облыстық ветеринариялық ғылыми-зерттеу станциясының аға ғылыми қызметкері Мәжит Қожақбаев. 

Ғалымдардың айтуынша, "енді бес жылдан кейін осы кенеге қарсы қолданылатын дәрілердің әсері азаяды". Өйткені бунақденелілер оған үйреніп қалған көрінеді. Сондықтан ғалымдар бірнеше мәрте зерттеу өткізген жаңа әдістемені қолдануға әзір. Оған ауыл шаруашылық басқармасы да қолдау көрсететінін жеткізіпті. Қауіпті жәндіктердің көзін жоятын бунақденелілер қоры жинақталған соң олар жазық далаға жіберіледі. Мамандар "кене шаққандардың қатарын осылай азайтпаса, кеселге ұшырағандардың саны көбеюі мүмкін", - дейді.Айта кету керек, биыл 4 мыңнан астам адамды кене шаққан. Былтыр бұл көрсеткіш үш мың сегіз жүзді құраған болатын. 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/272609-zhergilikti-galym-kenege-karsy-zhana-edis-ojlap-tapty.html