RU

Атырауда анасы мен қызы баспана үшін соттасып жүр

Дауға арқау болған 42 шаршы метр. Атырауда анасы мен қызы баспанаға таласып жатыр. 87 жастағы кейуана асырап алған қызы мен немерелерінің пәтерден шығуын талап етеді.

Алайда қызы: "Мүгедек баламен баратын жерім жоқ", - деп отыр. Дауға сот араласып, қарттар үйін паналап жүрген зейнеткерді өз пәтеріне кіргізу туралы шешім шығарды. Әжей болса, бұл шешіммен келіскісі жоқ.

Оңайша Өткелбаева 2011 жылдың қыркүйек айынан бері қарттар үйін паналап жүр. Оны өз үйінен бездірген – бала күнінен бауырына басқан қызы.

"Тұрдым, асырадым, бақтым, қақтым, тұрсам, тұрар едім. Оған кет деген ешкім жоқ. Бірак шалым өлгеннен соң көкірек көтерді маған", - дейді анасы.

Гүлжамал Сатқанова - әжейдің сіңлісінің қызы. Нәресте кезінен асырап алған. Тіпті туу туралы куәлігін ауыстырып, тегінде атына салып алыпты. Гүлжамал: "ақ сүт бермесе де, бағып-қаққан анамнан бас тартпаймын", - деп отыр.

"Мен мамамды жақсы көремін. Қуған жоқпын ешқашан. Ол кісінің өзі қартайып, өзі қаңғып кетіп қалып жүр. Тіпті учаскелік полицейлер, психбольница, көршілер, тіпті туыстар да біледі. Мақсаты - тек мені шығару. Өзі тұрғысы келеді, ал менің баратын жерім жоқ. Қызым - туғалы мүгедек", - дейді анасы қызы Гүлжамал Сатқанова.

Дауға себеп - мына екі бөлмелі пәтер. Мұнда қазір Оңайша әжеймен қатар асырап алған қызы Гүлжамалдың және одан туған екі немересінің де теңдей үлесі бар. Бірақ, қария баспанада өзінен басқа жанның тұруына қарсы.

Арыз-шағымын арқалап, 2010 жылы сотқа да жүгінген. Атырау қалалық №1 соты 2011 жылы зейнеткерді өз пәтеріне оралуына шешім шығарыпты. Сот орындаушылар шешімді орындауға қанша тырысқанымен, зейнеткер алған бетінен қайтар емес. Дегенмен, қарттар үйі мамандары Оңайша әжейді жалғыз қалдыруға болмайтынын ескертті.

"Беймаза кісі. Қасындағылармен тіл табыса алмайды. Интернаттан кетіп қала береді. Бірнеше рет тазалықшылар, мейірбикелер көшеден тауып алып келіп жүрді. Дәрігер бақылауында болуы керек. Жалғыз тұра алмайды", - дейді Атырау облыстық қарттар мен мүгедектерге арналған интернат үйі басшысының орынбасары Гүлшара Кенжеахметова.

7 жылдан бері жалғасқан анасы мен қызы арасындағы дау мұнымен аяқталмайтын түрі бар. Зейнеткер: "Пәтерді жеке атыма алмайынша, тынбаймын", - дейді. Ал оның қызы мүмкіндігі шектеулі сәбиіне берілетін баспана кезегін асыға күтіп жүр. Мүгедек қызы 11-ге келгенімен, кезекке ол биылғы жылдың 15 қаңтарында ғана 1 413-ші болып тіркелген. Айта кетейік, соңғы 3 жылда тек 40 шақты мүгедек қана баспанаға қол жеткізген.  

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/273829-atyrauda-anasy-men-kyzy-baspana-yshin-sottasyp-zhyr.html