RU

Белгілі компания өз жарнамасында жетігенді аяққа таптаған

"Айқын" газеті өткен сандарында "ФудМастер" компаниясы түсірген жаңа жарнамалық роликтің таралымына түбегейлі қарсылығын білдірген еді.

Осыған байланысты "Жетігеннің үстінде билеу жетесіздік емес пе?!", "Жетігенді таптауға қалай жол береміз?", "Жетігенді аяққа таптау – түркі халықтарының намысына тиіп отыр" деген тақырыпта үш бірдей жанайқай жарияланған болатын.

Нәтижесінде, ұлттық мұрамызды мазаққа айналдырған жарнама 15 шілдеден бастап тоқтатылып, барлық телеарналардың эфирінен алынып тасталды.

Жарнаманың сюжетіне тоқтала кетсек, "ФудМастер" ұсынған табиғи йогурт­тегі ас қорытуға арналған табиғи ингриденттер мен пайдалы бактериялар өзіңізді жеңіл сезінуге мүмкіндік бе­ретіні соншалық, тіпті жеңіл әуенге де би­леп кетесіз" деп басталатын мәтін ба­рысында әуелі отанасы, сосын отағасы қазақтың көне аспабы – жеті­геннің үстінде қол ұстасып билей жө­неледі.

Ол аздай сәлден кейін олардың қатарына балалары келіп қосылады. Бүтіндей бір отбасының ұлттық мұрамыздың әр шегіне шығып, асыр салуына қарағанда, жарнама иелері жетігеннің шығу тарихынан мүлдем хабарсыз сияқты.

Ал жар­нама авторлары "Қайта аспапты наси­хаттап жатқанымызға рақмет айтпай­сыз­дар ма?" дейтін көрінеді. Білікті мамандар жеті­геннің онсыз да әлемге әйгілі екенін көлденең тартқан. Жарнама эфирден алы­нып тасталса, компанияның шығынға ба­татындығын айтып та шырылдаған.

"Жарнама жасаушылардың ұлттық мұ­рамыздың терең тарихына мен­сін­беушілікпен қарайтынын көрсетеді. Әйтпесе, ұлттық символдарымыздың қатарында әспеттеліп, музейлерде сақ­талып, киелі өнер сахналары арқылы насихатталып, оқу бағдарламаларына енгізіліп, мемлекеттік "Мәдени мұра" бағдарламасына тікелей қатысты жетіген аспабын бұлай мазақ ету нендей қа­жеттіліктен туды?", - делінген материалда.

Газет редакциясы "ФудМастер" АҚ әкімшілігіне үшбу хат жолдап, жарнама иесі ретінде роликті түсіруші агенттіктің қызметкерлерімен бірге келулерін өтінген. Алайда басқарма төрайымы Аида Сапарғазино­ваның Шымкент өңірінде іссапарда жүруі­не байланысты, өкіл ретінде осы мекеменің Маркетинг және PR маманы Азамат Рама­занов қана төбе көрсетті.

Онда да басылымның барлық сұрақтарына жауап беруге уәкілдік құқығы жоқ екенін бірден ескертіп, жарнаманың түсірілу барысын баяндаумен ғана шектелді.

"Компания мен агенттік арасында жа­салған екіжақты келісім-шартқа байла­ныс­ты, жарнаманы кімдер түсіргенін айта алмаймын. Оларды әшкере етуге менің құқығым жоқ. Әр жастағы тұтынушылар ара­сында сауалнама жүргізгенімізде, көп­ші­лік осы роликті ұнатқан болатын. Сон­дықтан екі-үш нұсқаның ішінен осы сюжетке тоқтап, соңғысын таңдап алған­быз", - деді ол.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/273904-belgili-kompaniya-oz-zharnamasynda-zhetigendi-ayakka-taptagan.html