RU

Толассыз жауын Астана тұрғындарын әбігерге салды

Толассыз жауған жаңбыр Астана тұрғындарын да әбігерге салды. Көшелердің бойы суға толып, адамдарға жаяу жүру мұң болды.

Тілсіз жау мұнымен шектелмей, Елорданың кейбір үйлерін де суға толтырды. Жаңбыр суы жер үйлердің ауласына кірсе, көпқабатты үйлердің шатырынан сорғалаған су кіреберістен бір-ақ шықты.  

Жағдай, әсіресе, Астананың жер үйлерңнде мүшкіл. Төбеден төгілген су ауламен шектелмей, баспананың ішіне де бой ұрды. Үй жиһаздарын бүлдіргені былай тұрсын, тұрғындар ылғал сіңген үйдің шатыры опырылып, үйінді астында қаламыз ба деп қауіптенеді. Құзырлы органдарға хабарласқанымен, көмек әлі күнге дейін келмепті.

"Машина жоқ, қаланы сорып жатыр", - дейді. "Сіздер тұра тұрыңыздар", - дейді. Ешкімге керек жоқпыз. Астанада тұрамыз деп ешкім айтпайды бізді, мынау Астанада тұратын халыққа ұқсамайды", - дейді Шара Жиенқұлова көшесінің тұрғыны Бағдат Жылқыбаева.

Су астында қалған Шара Жиенқұлова көшесінде он бес шақты отбасы бар. Тұрғындар өз күшімен жаңбыр суын шелектеп жүріп шығаруға тырысқанымен, одан айтарлықтай пайда жоқ. "Жылда қайталатын жағдай осы" деген халық құзырлы органдардың мәселеден хабардар екенін айтады. "2006 жылдан бері көшірілуі тиіс тұрғындардың тізімінде бармыз, алайда одан қайран болмай тұр", - деп ашынады.

"Машина жоқ, қаланы сорып жатыр", - дейді. "Сіздер тұра тұрыңыздар", - дейді. Ешкімге керек жоқпыз. Астанада тұрамыз деп ешкім айтпайды бізді, мынау Астанада тұратын халыққа ұқсамайды

Су соратын көліктердің кешігу себебін сұрап, "Астана-Тазалық" мекемесіне хабарластық. Құзырлы мекеме әр шақырылым кезек бойынша қызмет көрсетілетінін жеткізді. Сонымен қатар бүгіннің өзінде сексеннен аса өтініш келіп түскенін айтты. Жаңбыр суы көпқабатты үйлерді де айналып өтпеді. Аспанда бұлт пайда болса жандарын шүберекке түйетіндер қатарында Ташенов көшесіндегі №9 үйдің тұрғындары да бар. Төбеден саулаған су бесінші қабаттан бастап бірінші қабатқа дейін жеткен. Тұрғындар дәліздегі су қуат көзіне тиіп, біреуді жазым қылады ма деп қорқады. Шатырды жөңдеуге жыл сайын бірнеше мыңдап ақша жиналса да, "баяғы жартас сол жартас" күйінде. Халық қыруар қаржыға жасалған жұмыстың бір рахатын көрмедік деп күйінеді. Түйткілді мәселенің түйінін тарқатуға "Жастар-2" пәтер иелері коперативі төрағасымен кездестік. Ол шатырды жөндеуге ақша бар, тек жаңбыр қол байлау болып тұр деген уәж айтты. Жаңбыр суы жақын күндері астаналықтарды қайта әбігерге салатын түрі бар. "Қазгидрометтің" болжамы бойынша, бірер күнгі толастан соң, апта соңына қарай тағы да жауын-шашын болады деп күтіліп отыр.  

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/274854-tolassyz-zhauyn-astana-tyrgyndaryn-ebigerge-saldy.html