RU

Алматы облысында 45 градус ыстық күтілуде

Аптап ыстық алматылықтарды да әбігерге салды. Синоптиктер шілденің шіліңгір ыстығы апта соңына дейін сақталады деп отыр. Тіпті Алматы облысының кей аймақтарында сынап бағанасы 45 градусқа дейін көтерілуі мүмкін.

Ыстық салдарынан ауруханаға қан қысымы көтеріліп, жүрек аурулары асқынған науқастар жиі түсуде.

Алматы көшелерінің бойындағы су бұрқақтары қала тұрғындарының жан шақырар мекеніне айналды. Себебі, шілденің шіліңгір ыстығы шыдас берер емес. Бір аптадан бері сынап бағанасы 37 градусты көрсетіп тұр. Сондықтан қала тұрғындарының күн ыстығынан қорғануы үшін суға түспеске амал жоқ.

Қапырық ауа райынан қалалық жедел жәрдем қызметінің жұмысы қауырт. Айтуларынша, ыстық салдарынан ауруханаға қан қысымы көтеріліп, жүрек аурулары асқынған науқастар жиі түсуде. Соңғы бірнеше күннің өзінде қала тұрғындарынан 2 мыңнан астам қоңырау келіп түсіпті. Сондықтан мамандар шаһар тұрғындарына себепсіз далаға шықпауға кеңес береді.

Қалалық төтенше жағдай департаментінің қызметкерлері де алматылықтарды барынша сақ болуға шақырып отыр.

"Алматылықтардан сұрайтынымыз, рұқсат етілмеген жерде от жақпаңыздар. Тауға, көкке шыққанда барынша абай болыңыздар. Темекі қалдықтарын тастамаңыздар. Қазір күн өте ыстық. Кез келген нәрсе тез тұтанады. Былтыр Мохнатка тауының жанғаны сияқты болып жүрмесін", - дейді Алматы қалалық Төтенше жағыдай департаментінің бас маманы Ерден Хайруллин.

Синоптиктер Алматының қапырығын Орта Азия аумағынан жылжып келген ыстық ауаның ағыны деп болжайды. "Тіпті алдағы бір-екі күнде сынап бағанасы 45 градусқа дейін көтірілуі мүмкін", - дейді олар.

Синоптиктердің айтуынша, тамыздың 2-3 күні өткінші жауын жауып, күн күркіреуі мүмкін. Ал ол уақытқа дейін, күннін көзінен аулақ жүргеніңіз жөн болады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/275014-almaty-oblysynda-45-gradus-ystyk-kytilude.html