RU

ОҚО-ның 35 жасар тұрғыны мұрынды болуды армандайды (фото)

Арыс ауданының Аққала ауылында Нышанбек Қантеміров деген жігіт тұрады. Бұл азаматты көп жылдардан бері басқа емес, кәдімгі мұрын мәселесі мазалап келеді.

Себебі Нышанбек жарық дүниеге нышаналы болып келген. Сондықтан биыл 35-тен асқан жігітті жатса да, тұрса да қайтсем қыр мұрынды бола аламын деген ой жегідей жеп жүр.

"2010-шы жылы Сайрам ауданының Ақсукент ауылындағы жекеменшік клиникада мұрныма ота жасалған болатын, – дейді Нышанбек Қантеміров. – Алғашында барлығы дұрыс сияқты еді. Ота жасаған дәрігер маған текке уайымдамау керектігін, мұрынды кәдімгідей қалпына келтіретіндігін айтқанда қатты қуанғанмын. Бірақ дәрігердің өзі де сол кезде науқастанып жүр екен. Мен әлгіндей сөздерге қатты қуанып, ота жасатқанмын. Дәрігер маған пластмассадан жасалған жасанды мұрын салып берді. Бірақ онысы жайсыз тиді де, кейіннен қайта алып тастауға тура келді. Себебі пластмасса теріні тесіп жібере жаздады. Қысқасы, содан бері артық етемін деп тыртық еттім-ау деп ойланамын".

Отадан соң Нышанбекте мұрнының орнында кішкентай ғана түртиген бірдеңе қалыпты. Өзге ештеңе байқалмайды. Тыныс алуы жақсы, ол жағынан қиындық туындамаған.

Есесіне бірден көзге түсетін мұрын мәселесі жігіттің жігерін құм етіп келеді. Нышанбектің құрдастарының барлығы бүгінде үйлі-баранды болып кеткен. Нышанбек үйленуден қашып жүрген жоқ, қайта оны мына түріммен қалай отбасын құрамын деген ой күндіз-түні мазалайды.

"Былтыр шымкенттік дәрігерлер Алматыдағы Сызғанов атындағы ұлттық хирургия орталығына бару керектігін айтқан. Бірақ оған мүмкіндігім болмады. Біреулер Түркияда мұрынға ота жасату үшін екі миллион теңге керек екен дейді. Қазір оған шамам жоқ", – дейді Нышанбек.

Нышанбек – отбасындағы 9-шы бала. Диқаншылықпен айналысатын жігіт биыл қауын-қарбыз егіпті. Ол жиын-терімнен соң мұрын мәселесімен мықтап айналыспақ.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/275089-oko-nyn-35-zhasar-tyrgyny-myryndy-boludy-armandajdy-foto.html