RU

Астанада бір азамат күнде 400 адамға ауызашар береді

Рамазан айының әр күнінде "Нұр Астана" мешіті 350-400 адамға ауызашар беріп келеді. Бұл жақсылықты жасап жатқан азамат өз аты-жөнін елге жария етпеуді өтініпті.

Бұл туралы бүгін қасиетті Қадір түні мен Ораза айт мейрамына орай баспасөз мәслихатын өткізген "Нұр Астана" мешітінің Бас имамы Қалижан Заңқоев мәлім етті, деп хабарлайды BNews.kz.

"Осы қасиетті айда Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының мұрындық болуымен қаламыздың барлық мешіттерінде ауызашарлар ұйымдастырылып жатыр. Бір ғана "Нұр Астана" мешітінде күніне 350-400 адамға ауызашар беріледі. Оны жасап жатқан бір ғана азамат. "Менің аты-жөнімді айтпай-ақ қойыңыздар. Біз жақсылық жасағанда оны жария етіп, міндетсіну үшін емес, Алла ризалығы үшін жасаймыз ғой. Алла бәрін көріп тұр ғой" деді. Ал кім де кім ораза ұстаған адамға ауызашар берсе, ораза ұстаған адамның сауабындай сауап алады, бірақ ораза ұстаған адамның сауабы кемімейді. Сонда, күніне 350-400 адамға ауызашар беру – өте үлкен сауап", - деді Астана қаласының Бас имамы.

Қалижан Заңқоев сондай-ақ Рамазан айында қаладағы түрлі мекемелерде: қарттар үйінде, балалар үйінде, тіпті еңбекпен түзету мекемелерінде ауызашарлар берілгенін хабарлады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/275109-astanada-bir-azamat-kynde-400-adamga-auyzashar-beredi.html