RU

Германияда алты келілік сәби дүниеге келді

Германияның Лейпциг қаласында алып нәресте дүниеге келді. Оның салмағы 6,11 келі, ал бойы 57,7 сантиметр.

Ең қызығы баланың бойы мен салмағында емес, әйелдің баланы өзі босанғанында. Әдетте, алып баланы кез келген ана өзі босана алмайтындықтан, құрсағын жаруға тура келіп жатады дейді дәрігерлер. Бұл туралы Huffington Post газеті хабар таратты.

31 жасар Мария – "Мұның алдында босанған қызым мен ұлымның салмағы қалыпты болған. Ал бұл балаға жүкті кезімде ішім үлкендеу болды. Алайда, сәбиімнің мұншалықты ірі болатынын ойлаған жоқпын" дейді. Дәрігерлердің пайымдауынша, баланың ірі болып туылуына әйелдің гестационды диабетпен ауыруы себеп болған.

Мұндай аурумен ауырған адамның көмірсу алмасуы бұзылатын көрінеді. Кішкентай Жаслин Германияда бүгінге дейін туылған сәбилердің арасында ең үлкені болып отыр. Бұған дейін ең ауыр нәрестелер тізімін 2011 жылы қарашада туылған Джихад (5,89 келі) бастап тұрған.

Дүниежүзінде ең ауыр сәби 1879 жылы Канадада туылған. Алайда, шыны керек салмағы 10,77 келі нәресте 11 сағаттан кейін шетінеген. Ал 2005 жылы Бразилияда 7,7 келі бала дүниеге келген.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/275121-germaniyada-alty-kelilik-sebi-dyniege-keldi.html