RU

Атыраудағы неке агенттігінде мұсылман бойжеткендерге деген сұраныс жоғары

Еліміздегі ислам жолын нық ұстанған жігіттер атыраулық мұсылман қыздармен бас қосқысы келеді. Мұндағы неке агенттігіне хабарласып, өмірлік серігімен танысуға ниет еткендер көп.

Агенттіктің өзгелерден ерекшелігі: тек шариғат шарттарымен санасатын жандарға қызмет көрсетеді. Мұнда ер адам үшін қызмет құны – 4 мың теңге.

Отызға жақындаса да, бойдақ жүрген Дастан бес уақыт намазын қаза қылмайды. Ол өз алдына отау құруға ниетті. Дін жолында жүрген соң көңіл көтеру орындарына бара бермейді. Көшеде танысуды жаны қаламайды. Тығырықтан шығар жол – арнайы агенттіктің көмегіне жүгіну. Қалыңдық іздейтінін айтып хабарласыпты, әзірге қолына қондырар құсын күтіп жүр.

"Иманжүзді, ибалы, инабатты мұсылман қыз керек, намазын қаза қылмайтын. Жүрегінде иманы бар, дініне берік. Иншалла, кездестіреміз деген үміттемін. Ең бастысы, орамал тастамай, хиджабын киіп жүретін қыз керек", - дейді ол.

Жігіттердің көпшілігін талабы ортақ. "18 бен 25 жас аралығындағы дініне берік ару болса", - дейді. Әсіресе, мұсылман бойжеткендерге сұраныс жоғары.

Агенттік ашылғалы бергі 2 жыл ішінде болашақ жарын іздеген 37 азамат пен 10 әйел ресми түрде тіркеліпті. Мамандардың айтуынша, нәзік жандыларды көбіне ұяңдық жібермейді әрі шариғат бойынша қыз бала өзіне тікелей күйеу іздеуге тыйым салынған. Онымен қамқоршы ағасы немесе әкесі айналысуы шарт.

"Біз ханафи мәзхабы бойынша жұмыс жасаймыз. Бізге, әсіресе, ерлер көп хабарласады. Түрлі жастағы, 18 жастан бастап, егде жастағылар да. Әсіресе, Алматы, Астана, Шымкент қалаларынан көп хабарласады. 2 жылдан бері 4 неке қиылды біздің агенттіктен танысып. Оның ішінде шетелдік бар, ол атыраулық мұсылман қызды жар етті", - дейді "Ридза" неке агенттігінің директоры Ұлболсын Өтемісова.

Агенттікке қоңырау шалатындар көп. Айтуларынша, басым бөлігі қызығушылық танытып, хабарласады. Сондай-ақ, екінші, үшінші әйел іздеп тіркелетіндер де бар. Бұл жағдай тараптардың келісімі бойынша жүзеге асырылады екен.

"Дегенмен агенттік неке қиюмен айналыспайды, тек танысуға көмектеседі", - деп нақтылады Ұлболсын Өтемісова. Жұптар некесін мешіттерде қиғызады. Алайда Алла үйінің қызметкерлері: "АХАТ бөлімінде заңды тіркелмеген некені қимаймыз", - деп отыр.

"Егер жастардың қолында ЗАГС-тен алып келген құжат болмаса заңды, біздер олардың некелерін қимаймыз. Бізде ол қатаң түрде тоқтатылған. 2, 3 некеге келетін болсақ, қазіргі уақытта сүннетті орындаймын деп, жастардың арасында болып жатқан жәйттер бұлар нәпсінің қалауы деуге болады", - дейді "Иманғали" мешітінің қызметкері Ержан Қағазғалиев.

Әзірге агенттіктің жұмысын тоқтатып қойған. "Танысуға дайын аруларды іздестіріп алмайынша, азаматтарды бос үміттендіргіміз келмейді", - деп отыр.  

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/275492-atyraudagy-neke-agenttiginde-mysylman-bojzhetkenderge-degen-syranys-zhogary.html