RU

Екі ер адамның қолынан ажал құшқан бойжеткен саяжайға өз еркімен барған

Әскери қызметкер серіктесімен бірге зорлап, артынан буындырып өлтірген 19 жастағы Мөлдір Тұтқабаева өз еркімен саяжайға барған.

Бұл туралы КТК арнасы хабарлайды.Шымкентте әскери қызметкер серігі екеуі қосылып, 19 жастағы өрімдей қызды зорлап, соңынан буындырып өлтірді. Қос азғынның бірі қаладағы №03534 әскери бөлімінде нұсқаушы-жүргізуші болып қызмет атқарды екен.

Қазір, темір торға қамалған күдіктілерге қатысты қылмыстық іс қозғалып, оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.  Ал мерт болған қыздың туыстары екі азғынның қатаң жазалануын талап етуде.  10 баланың екіншісі Мөлдір бойжетіп, бауырларына тірек болар кезінде мерт болды. Дәрігер болуды армандап, медициналық колледжге дайындалып жүр еді дейді анасы.

"Көз алдымда жатыр ғой. Бірақ мойындамаймын ғой, мойындай алмаймын. Менің қызым екен деп айта алмаймын. Басқа шығар, басқа шығар деп қайта-қайта қарай беремін. Айуандарды ату керек, жер басып жүрмеу керек ондайлар. Екі аяқты айуандар, атасы-шешесіне нәлет ондай бала асырағандардың", - дейді марқұмның анасы.Қайғылы жағдай шілденің 25-і күні орын алды. Өздерін сері сезініп, қалаға серуенге шыққан бірі әскери, екіншісі жұмыссыз екі дос 19-дағы Мөлдірмен танысады. Таныстықты қала шетіндегі саяжайда жалғастыруды жөн көреді.

Алайда, саяжайда екеуін сайтан түртіп, қызды зорламақшы болған екен. Бұған қарсыласқан аруды күшпен көндіріп, артынша іздерін жасыру үшін буындырып өлтірді.

"Зорлағанымызды айтып берсе, түрмеден бір-ақ шығатынымызды түсіндік. Сонан соң көзін құртуды ойладық. Ол қашпақшы еді, ұстап алып әуелі қолмен буындырдық, сосын досым екеуіміз жабылып сыммен қылқындырдық. Өлген соң денесін қала сыртына апарып лақтырып тастадық", - дейді күдіктілер.

Тек екі азғынның ізін жасыруға тырысқанынан түк шықпады. Бір тәуліктен соң 28 жастағы құрдастар құрықталды.

Ал ел қорғаудың орнына қыз зорлаған әскери қызметкер туралы сұрап барғанымызда бөлімдегі жауаптылар қандай да бір мәлімет беруден бас тартты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/275754-eki-er-adamnyn-kolynan-azhal-kyshkan-bojzhetken-sayazhajga-oz-erkimen-bargan.html