RU

Қырғынға ұшыраған қазақтардың ірі көлемдегі қаңқасы табылды

Алматы облысында ғасырлық тарихы бар адам сүйектері табылды. Бұған дейін археологтардың қолы тимеген, зерттеу көрмеген Талғар ауданының Жаңалық ауылында.

Су құбырын жүргізу үшін жер қазған жұмысшылар жерден ондаған адамның бас сүйегі мен қаңқасын тапқан деп хабарлайды КТК арнасы. Және барлық бас сүйектерде оқ ізіне ұқсайтын тесіктер бар. Оған қоса Украин тілінде жазылған құжаттар да шықты. Бұл қандай құнды жәдігер және ауыл ортасында табылғаны қалай?

Жер бетінде жайрап жатқан қаңқа дегенді құлағы қағыс, болмаса шалыс естімесе жұрттың күнде көзбен көргені жоқ еді. Содан болар, ауылдың қақ ортасында қаннен қаперсіз бесін кезінде қаптап шыққан адам қаңқасынан тұрғындар тіксініп қалды. Жаңалық атты ат төбеліндей ауылға ауыз су жүргізу үшін қамданған жұмысшылар қара суға құбыр қазамыз деп жүріп қорым қазып тастағандарын кеш білген, сүйектер әбден ескірген.

"Экскаваторшы жігітке байқа деп қарап тұрғам, сөйтсем бас домалап түсті. Қарасам, сүйектер түсіп жатыр. Тоқта деп тоқтаттым. Қарасам, екі-үш бас түсті", - дейді Жаңалық ауылының тұрғыны Мұрат Сәлімбеков.

Тұрғындар тіксініп қалғанымен, ауылдың жұртына бұл жайт жаңалық емес екен. Екі күннің бірінде бау-бақшадан, болмаса ауладан күрек бойы жер қазса адам сүйектерін кезіктіретін көрінеді. Молда әкеп Құран оқытып, ауыл сыртына көміп тастайды екен. Бірақ мұнша қаптаған қаңқаны алғаш көрген. Марқұмдардың сүйектерімен қоса Украин тілінде жазылған құжаттар табылды. Бірақ басты басып айтар тұсы басқада.

Су құбырын өткіземіз деп қамданып жер қазғандар осы жерден мынадай адам қаңқаларын тапқан. Мамандардың сөзіне сүйенсек, бұл адам сүйектеріне 1 ғасыр болуы мүмкін. Және олардың пікірлерінше, бұл Кеңес кезіндегі репрессия құрбандарының қалдықтары болуы ғажап емес. Өйткені табылған бас сүйектердің барлығының маңдайында немесе көкжелкесінде оқ іздері бар.

Жаңалық жұрты бұл жайтты да жерден жеті қоян тапқандай жар салмады. Сөздеріне сүйенсек қазіргі елді-мекен тіс қаққан мамандар болжағандай, Қуғын-сүргін құрбандарының атылып көмілген мекені екен.

Бауырластар зираты сынды қаралып жіті зерттеуге ешкім ден қоймаған алқап кейін ауыл ретінде құрылған көрінеді, бірақ тасқа қашалған тарихтың топыраққа көмілген мүрделері бұл маңға әлі де сес болып тұр.

"Әли де 90-дағы шал болған, сол айтқан: Ана жақтан түні бойы әкеліп атып экскаватормен қазады да итеріп көме салады дейді. Тіптен топырақта шала өлгендер былқылдап жатады дейді. Жақын болғаннан кейін, Жаңалық 27 шақырым осында кеп атқан", - дейді  Жаңалық ауылының тұрғыны Ерлан Қанапиянов.

Қуғын-сүргін жылдары 100 мыңнан аса адам қудаланып, соның 25 мыңнан астамы атылған. Қазақ саны 42 пайызға бір-ақ қысқарыпты сол қарғыс атқан кезеңде. Сол жылдары атылған қандастардың бір бөлігі Мәскеу түбіндегі НКВД-ның бірінші комиссары Генрих Ягоданың саяжайы болған қазіргі “Коммунарка” зиратында жерленген.

Сол Ресейдегі “Коммунарка” сынды мыңдаған адамның қаны төгілген жер қазақ даласындағы осы Жаңалықтағы жер болуы да мүмкін. Өйткені күрек салсаң болды адам қаңқаларынан аяқ алып жүру мүмкін емес.     

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/275810-kyrgynga-yshyragan-kazaktardyn-iri-kolemdegi-kankasy-tabyldy.html