RU

Қазақтар кәдесыйларға да рулары мен тайпа таңбасын жазатын болды

Бүгінгі таңда сатылымда ру-тайпа аты мен таңбалары басылған кәдесыйлар көбейіп кетті. Ал, ғалымдар мен зиялы қауым рушылдықты “мемлекетке іріткі салатын  дерт” ретінде бағалап, оған жол бермеу керек дейді.

Қазір кез келген кәдесый дүкеніне кірсеңіз болды ұлттық нақышта жасалған түрлі бұйымдар көзіңіздің жауын алады.  Олардың арасынан мынадай ру атымен, таңбасы басылған тауарларды жиі көруге болады.  Тіпті, мұндай  бұйымдарға сұраныстың жоғары екендігін де мамандар жасырмайды.

"Осы брелоктардың шығып, сатылып жатқанына біраз уақыт болды. Бір адамды естімедім бұл бөлінушілік деп  айтқанын, керісінше бәрі мынау жақсы нәрсе екен ғой руы қалай екен жолдасымның, туысымның руы мынадай осындай бар ма, жоқ болса жасап беріңізші деп  бұған сұраныс өте жақсы", - дейді кәсіпкер Айнұр Қайымбаева.

Ру, тайпасын жазып алу тек кәдесыйлармен ғана шектелмейді. Мұндай жазуларды тіпті  кеудешелерден де көруге болады.  Тапсырыс берсеңіз болды, 20 минуттың ішінде сіздің руыңызды тайға таңба басқандай етіп жазып береді.

Жалпы, руға тайпаға бөлінушілік өз кезегінде трайбализмге әкеліп соғады. Ал, трайбализм дегеніміз не?

Трайбализм - бұл негізінен билікке таласушылықты, сеператизмді қоздыратын құбылыс ретінде саяси мәдениеті төмен, демократиялық институттары нашар дамыған елдерге тән құбылыс.

Дегенмен, ертеде бабаларымыз ру руға, тайпаға бөлініп, ұрандатып, байтақ даламызды жаудан қорғап қалған. Бірақ, қазіргі заманда мұндай құбылыс ел бірлігіне нұқсан келтіреді дейді мамандар.

"Жау шапқанда, сонда өзінің рулық, тайпалық ұрандарын пайдаланып, жауға шапқан, онық жақсы жақтары болды. Ал қазір, бірігеміз дегенде, бір мықты ұлт боламыз дегенде, мына 30 мемлекеттің қатарына кіреміз дегенде бізге бөліну ешқашан да керегі жоқ", - дейді тарихшы Зиябек Қабылдинов.

Кейбір зиялыларымыз рушылдықты “мемлекетке іріткі салатын қоғамдық дерт” деп бағалап, оны жою керектігін айтады.

"Ел тұтқасында отырған кісілерге айтарым, бірақ нәрсе біз мұндай нәрселерге жол бермеуіміз керек. Басшы болып оның жанында жүрге қосшы болып. Себебі біз бөліне берсек, біз баяқы таз қалпымызға қайтып келеміз. Біз бәріміз бір болуымыз керек. Қазақ екенімізді ұмытпауымыз керек. Бөліне бергеннен біз бір пұшпаққа бармаймыз", - дейді филолог Алмас Әбсадықов.

Ал рушылдыққа қатысты саясаттанушыларымыз мынадай пікір айтады:

"Біздің бір бәсеке деген жаман қасиетіміз бар ғой, бүгін біреу бірдеңе жасады екен деп ертең ол тағы басқа нәрсе істейді. Абай атам айтқандай мал шашпақтық бір түріне алып келеді. Менің ойымша оның керегі жоқ. әр кім өзінің тегін жеті атасын біліп, үйінде шежіре ұстағаны дұрыс, бірақ оны даңғаза әңгімеге айналдырып,  мақтанып біреуге бір артық әңгіме айту үшін пайдалану бұл дұрыс емес", - дейді саясаттанушы Айдос Сарым.

Қазақ қалай оқысаңда қазақ. Сондықтан, елдік, ұлттық тұтастығымызға, ортақ бірлігімізге қауіп төнбесін десек,  рулық  емес, жалпыұлттық деңгейде ойлай алатын қазақ  болудың қамын ойлағанымыз абзал болар.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/276168-kazaktar-kedesyjlarga-da-rulary-men-tajpa-tanbasyn-zhazatyn-boldy.html