RU

Дәрігерлер отадан кейін науқастың ішінде резеңке қолғап қалдырып қойған

Рудный қаласының тұрғыны 6 жыл бұрын жасалған отадан опа шекті. Екінші операциясын, Челябі қаласына барып, сондағы дәрігерлерге жасатқанда, ақ халатылар келіншектің ішінен резіңке қолғапқа оралған капсуланы тауып алған.

Валентина Кармаева қазір сотқа жүгінумен әлек. Дәлел-дәйегі де қолында. Ағзадан табылған колбаға оралған резіңке қолғаптың ұзындығы 16 см болып шықты.

"Бірінші отаны қалқанша безімнің асқынғанына байланысты жасаған болатынмын. Осы жылдар бойы ішімде бөтен бір заттың барын білмеппін. Отаны Челябіде қайта жасатқанда, қолғапқа орылған капсуланы сондағы дәрігерлер тапты ғой", - дейді ол.

Әбден әлсіреп, әбіржіген әйел Рудный қалалық ауруханасын сотқа береді. Алайда, жергілікті сот өкілдері, ұсынылып отырған бұлтартпайтын дәлелдің барын жоққа шықармаса да, науқастан қосымша сараптамадан өтуін талап етіп отыр.

Рудный қалалық ауруханасы жіберген салғырттықтарынан ат тондарынан ала қашты. Валентина Кармаева 6 жыл бойы денсаулығына шағымданған жоқ, резіңке қолғаптың қайдан шыққанын біз білмейміз, деген жауап қайырды дәрігерлер. Бола қалған күннің өзінде, қолғап адам өміріне қауіп-қатер тигізбейді, деп сендірді.

"Отадан кейінгі жарада бөтен зат қалып қойса да, ол адамның жалпы хал-жағдайына әсерін тигізбейді", - дейді Рудный қалалық ауруханасының бас дәрігері Талғат Қайкенов.

Дәрігерлермен түбегейлі келіспеген науқас, сот арқылы әділеттікке қол жеткізетініне сенімді. Жәбірленуші қалалық ауруханадан моралды өтемақы ретінде 900 мың теңге талап етіп отыр. 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/276555-derigerler-otadan-kejin-naukastyn-ishinde-rezenke-kolgap-kaldyryp-kojgan.html