RU

Спорт саңлақтары қалай демалады?

Жаз - жаймашуақ уақыт. Көзді ашып жұмғанша, бұл мезгілде аяқталып келеді. Ақ желенді абзал жандар адамға жылына бір рет демалуға кеңес береді.

Осы орайда, ел намысын қорғап жүрген спорт саңлақтары қайда тынығып жүр деген сауал туады. Осы сұрақтың жауабын білмек үшін бірқатар оғландарымызға хабарласқан едік...

Ақжүрек ТАҢАТАРОВ, Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері:

"Демалысқа уақыт жоқ..."

– Шынымды айтсам, биыл мүлде демалыс алған жоқпын. Қыркүйек айында Венгрияның астанасы Будапешт қаласында күрес түрлерінен Әлем біріншілігі өткелі жатыр. Сол байрақты бәсекеден олжалы оралу үшін тынбай тер төгіп жатырмын. Өздеріңіз білесіздер, 66 келі салмақ дәрежесінен 74 келіге ауысқаныма көп уақыт болған жоқ. Бүгінгі таңда жаңа салмаққа бейімделу үстіндемін. Өткен жылы Лондон Олимпиадасынан кейін отбасыммен Дубайда демалып қайтқан болатынбыз. Таразда ет-жақындарымның қасында қоңыр тіршілік кешіп жатырмын (күліп)...

Айбек НҰҒЫМАРОВ, "Қазақстан Барысы-2013":

"Түркияда тынығуды жоспарлап отырмын..."

– Дәл қазіргі уақытта Семей қаласында отбасымның жанындамын. "Қазақстан Барысы" атанғаннан соң кездесулер мен қонаққа шақырушылар жиілеп кетті (күліп). Жұрт көп, шулы жерлерде бой көрсетпеуге тырысамын.Тыныштықты жақсы көремін. Алла сәтін салса, осы айдың аяғында Түркияда демалу үшін чемоданымды жинастырып жатырмын...

Олжас СӘТТІБАЕВ, боксшы:

"Бала-шағамның қасындамын..."

– Шынтуайтына келгенде, спортшылар қауымы түзде көп жүреді. Сол себепті, түрлі жарыстардан қолым қалт ете қалса, бар уақытымды отбасыма арнаймын. Қазірде үйде демалып жатырмын. Балаларым – көзқуанышым, жұбанышым. Аллаға шүкір, ұл-қызым күн санап өсіп келеді. Мен үшін өз шаңырағымның астында өткен демалысқа ештеңе тең келмейді (күліп). Күзде үлкен спорттық жиындар басталады. Оған дейін арқамызды кеңге салып жатырмыз...

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/276626-sport-sanlaktary-kalaj-demalady.html