RU

Қытайдың қолы қос омырауда тұр

Жаугершілік кездердегі соғыс тәсілінің бірі – қарсыласын судан тарықтыру. Құдық, бастау, бұлақ, өзен секілді су көздерін иеленіп алған жақ жауласқан тарапты шөлден тарықтырып, сілесін құртқан.

Қазір ғой бейбіт заман. Бірақ, бейбіт уақыттың өзінде жымысқылықпен жаулық істету тоқтаған емес. Жаулық болғанда да жаңағы айтқан судан қаталату. Басқасын айтпағанда Ертіс пен Іле сынды қос алып өзеннің бастау көздерін ши аяқтарының табанына басып алған қытай суды білгендерінше бұрып-жырып, Қазақстанды сары уайымға салып-ақ отыр.

Суды қажетке қарай пайдалану орынды жағдай. Бірақ өлермендік пен өзімшілдікке салынып басқалардың да қажеттігін ескермеуді не дейміз? БҰҰ-ның "Халықаралық Көлдер мен Трансшекаралық су көздерін пайдалану мен қорғау туралы" конвенциясына әдейі қосылмай отырған Қытайдың бұл қылығы анық жаулықты еске салады.

Себебі, су барлық адамзатқа ортақ игілік. Өзен бастауын қайдан алды, аяғы қайда жеткенше аға береді. Суға шекара, зымиян қулық, астам ниет керек емес. Табиғаттың заңдылығы бойынша өз ағысымен кете барады. Бірақ, Қытай сынды озбыр ел халықаралық заңды да, табиғаттың заңын да аяққа басып отыр.

Бүгін де суы таязып, арнасы ойсыраған Ертіс пен Іле өзені айғақ бұған. Санға жүгініп, есепке шұқшимасақ та көзге анық көрініп тұрған жағдай осы. Ал, Ертіс құрғаса Зайсан сынды көлдің қалай жойылатынын, өзенді жағалай отырған елдің судан тарығып, су қоймаларының қалай қаңситыны айтудай-ақ айтылып жатыр.

Электр энергиясының қуаты кеміп, ылғалдығы азайған жердің тілім-тілім шөлге айналары да аз жыр болған жоқ. Іленің арнасы азайса Балқаштың қалай боз топырақты қаққа айналары, құрғақ ауа қаумалаған Сарыарқаның соры шыққан ақ далаға ауысып шыға келетіні де талай көңілді дір еткізген.Трансшекаралық өзен мәселесі Қазақстан үкіметін де ойландырмай жатқан жоқ. Шабандау болса да қимыл бар. Бірақ, Қытай сынды елмен батыл-батыл сөйлесіп, кеудені көтере тұрып келісім сұрайтын жігер жоқ шенеуніктерде. Соны білетін қытай бұл әңгіме Президенттік деңгейдегі келіссөз дәрежесіне көтеріліп жатса да асыға қояр түрі жоқ. Ертіс пен Ілеге құятын өз жеріндегі өзендерді жалмауыз секілді жұтып қойып жатыр.

Ертістің Қытай жеріндегі су алабы 54 мың 518 шаршы шақырым, ұзындығы 633 шақырым екен. Өзеннің ең басы Көктоғай ауданының Қу Ертіс, Қайырты деген салалардан құралады. Осы екі сала Темекі деген жерде қосылып, тура оңтүстікті бетке алып ағады.

Одан батыс солтүстікке кілт бұрылып Көктоғай, Алтай, Буыршын, Қаба аудандарының жерін ендей өтеді. Және осы өңірдегі барлық өзендерді қосып алып, Қазақстан жеріне кіреді. Нақты мәліметтерге қарағанда Ертіске үлкен-кіші 200-ден астам өзен келіп құяды екен. Бірақ, қазір сол өзендердің бәрі ту-талақайға түсуде. Ертістің орташа жылдық ағын су мөлшері 11 миллиард текше метрден астам болып, бүкіл аймақтағы ағын су мөлшерінің 90 пайыздан артығын ұстайды.Ал, бір сөзінде Қоршаған ортаны қорғау вице-министрі Ерлан Нысанбаев "Бүгінгі күні біз трансшекаралық өзендердің бассейндерінде бірлескен ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізудеміз. Бұл жұмыстардың нәтижесі негізінде су бөлу бойынша Үкіметаралық келісімдер жасалады. Ол, трансшекаралық өзендердің су ресурстарын тиімді және тең құқылы пайдалануға мүмкіндік береді" деген болатын.

Ендігі үміт сол келісімдердің қандай күшке ие болатынында. Өйтпегенде онсыз да суға тапшы, ұланғайыр даласы болғанымен ағынды өзені аз Қазақстанның шөл далаға айналу қаупі шынымен күшті. Басқа жағынан көп алаң жоқ.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/276679-kytajdyn-koly-kos-omyrauda-tyr.html