RU

Каспийде жасанды коралл рифі отырғызылды

Каспийде жасанды рифтер пайда бола бастады. Осыған дейін мұндай теңіз асты тастары сынақ түрінде төселген. Енді экологиялық жоба шеңберінде теңіз жағалауында бірнеше конструкция қондырылды.

Уақыт өте келе бұл тастар табиғи теңіз рифінің негізіне айналуы мүмкін.

Теңіз түбіне жасанды рифтер қою идеясы Каспий теңізінің Қазақстандық акваториясы үшін бірнеше бағыттар бойынша пайдалы болмақ. Оның біріншісі, теңіз жағалауын желді күндері күшті толқындардан қорғаса, екіншіден, туризм-дайвинг саласының дамуына үлес қосады.

Су астына қондырылған бетон қалыптар, теңіз қайраңын мекендейтін жәндіктер үшін уақыт өте келе өзіндік эко-ортаға айналады. Жоба авторының айтуынша, салмағы 1 тонна, ұзындығы 1,5, ені 1 метрді құрайтын жасанды жартастар төрт түрлі пішінде жасалған. Бірі, биыл аталып өтілер облыс орталығының 50 жылдығына арналса, екіншісі Ақтаудағы галереялық үй түрінде жасалған. Үшіншісі – Пирамида пішінінде, соңғысы – Шаңырақ түрінде құрастырылған.

"Ұлттың, мемлекеттің белгісі болғаны дұрыс деп, бірінші рифті біз "шаңырақ" деп атадық. Шаңырақ деген қазақтың ең бір сыйлы элементі екені белгілі, - дейді "Жұмыс орындарын аттестаттау жөніндегі ғылыми-өндірістік орталығының" атқарушы директоры Рахат Қожахметов.

Айта кетейік, Қазақстан Каспий жағалауы мемлекеттері арасында бірінші болып, жасанды риф төсеу жобасына ден қойып отыр. Мұндағы мақсат, еліміздегі ең ірі су қоймасының экологиялық ахуалын жақсартып, балықтардың тұқым шашып, көбеюіне жол ашу

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/276788-kaspijde-zhasandy-korall-rifi-otyrgyzyldy.html