RU

Америкалықтар EXPO-2017 павильонын қазақтың киіз үйі пішінінде жасауды ұсынды

Америка құрама штаттарының сәулетшілері ЭКСПО-2017 көрме-кешенінің эскиз-идеясына жарияланған байқауға қазақтың киіз үйі негізге алынған жобаны ұсынды.

Бұл жөнінде бүгін байқаудың үздік жұмыстары қойылған көрменің ашылуында америкалық жобаның сәулетшілерінің бірі Гордон Гил мәлім етті, деп хабарлайды Bnews.kz.

"Біз әрбір жобаны әзірлегенде барлығын ескеруге тырысамыз. Сондықтан барлық мәдени, географиялық аспектілер ескеріп, Астана үшін ұзақмерзімді және тұрақты дамудың үлгісі болатын арнайы жоба ұсындық. Мәселен, павильонға біз киіз үйді негіз етіп алдық. Егер қазақтарда киіз үй негізінен бір отбасының үйі ретінде болса, біз дәстүрлі сәулеттің тұжырымдамасын алып, бүкіл әлемге ұсынуды жөн көрдік", - деді ол.

Шетелдік сәулетшінің айтуынша, жобаны әзірлегенде энергия үнемдеу жағына мейлінше көңіл бөлінген.

"Әрбір кеңістікті біз есте қаларлықтай, ұмытылмастай қылуға тырыстық. Біздің жобаның әрбір бөлшегі мейлінше желдің энергиясын жинауға бағытталған. Жобамыздың ортасында үлкен киіз үй болады, ал оның жан-жағында күн мен желдің энергиясын жинайтын ғимараттар салынады", - деп жобаның ерекшелігімен бөлісті Гордон Гил.

Естеріңізге сала кетейік, бүгін Бүгін Астанада ЭКСПО-2017 көрме-кешені мен оның нышанының эскиз-идеялары байқауына түскен жобалардың көрмесі ашылды. Байқау 2013 жылдың 18 ақпанында басталып, 18 шілдеде жұмыстарды қабылдау аяқталды.

Халықаралық көрмеге әлемнің белгілі 50 сәулетшісі өз жобаларын ұсынған. Жалпы, байқауға 20 елден - Австрия, Австралия, Ұлыбритания, Германия, Испания, Италия, Канада, Қытай, АҚШ, Нидерланды, Корея, Ресей, Португалия, Норвегия, Түркия, Тунис, Жапония, Франция, Украина және Қазақстаннан 100-ден астам өтінім келіп түскен.

ЭКСПО-2017 көрме-кешені мен нышанының үздік эскиз-идеясының авторы қыркүйекте анықталады. Жеңімпаз 150 мың доллар көлеміндегі жүлдеге ие болады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/277012-amerikalyktar-expo-2017-pavilonyn-kazaktyn-kiiz-yji-pishininde-zhasaudy-ysyndy.html