RU

Ұлттық университет ректоры шынымен де ұрлықшы ма?

Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің ректоры Ғалымқайыр Мұтанов плагиат үшін айыпталуда.

Аталмыш жоғарғы оқу орынының профессорлары Ерлан Нұрсұлтан мен Махмұд Садыбековтың айтуынша, ректор Ғалымқайыр Мұтанов, 2011 жылы жарық көрген "Экономико-математические методы и модели" деп аталатын монографиясының 39 бетінде өзге ғалымдардың жұмысын көшіріп жазған, ал дерек көздеріне сілтеме жасамаған.

Бұл ақпарат ақпарат құралдарына шыққалы бері университет ректорын табу мүмкін болмай отыр, дегенмен оқу орнының баспасөз қызметі мұндай айыптың негізсіз екені жайында ресми мәлімдеме таратты. Десе де, дау енді қызғалы тұрған сынды.

Аты дардай білім ордасының ректоры Ғалымқайыр Мұтановтың монографиясы "ғылым мен техника саласы бойынша 2013 жылғы мемлекеттік  сыйлыққа" ұсынылған. Сол кезде профессор Махмұд Садыбеков аты дауға қалған еңбектің сарапшы болыпты. Ол ректордың жазған еңбегін зерттей келе, 39 беті шетелдік ғалымдардың кітабынан көшіріліп алынғанын анықтаған.  

"Бұл жерде анық ұрлық бар. Өзгенің жұмысын ұрлаған. Яғни плагиат. Ондай адам барша студенттерге қалай үлгі болмақ? Университет ректоры барша студенттерге, оқытушыларға үлгі болуы тиіс", - дейді профессор.

Ондай адам барша студенттерге қалай үлгі болмақ? Университет ректоры барша студенттерге, оқытушыларға үлгі болуы тиіс

Артынша, профессор Махмұд Садыбеков президент әкімшілігі мен премьер-министрдің кеңсесіне "Мұтановтың монографиясындағы шикіліктер" туралы жазып, арнайы хат жолдаған. Көп кешіктірмей, Ұлттық ғылыми-техникалық ақпарат орталығы көптің күдігін туғызған Мұтановтың монографиясын "Антиплагиат" жүйесі бойынша тексеріп, жауап қатты.

Ұлттық ғылыми-техникалық ақпарат орталығы Ғалымқайыр Мұтановтың монографиясын "Антиплагиат" жүйесі бойынша тексере келе қорытынды жасаған. Ғалым Мұтановтың 2011 жылы жарық көрген "Экономико-математические методы и модели" деп аталатын монографиясындағы 39 беттің сілтемесіз алынғаны және дереккөздердің авторлары көрсетілмегені анықталды.

Осы тексеру қорытындысынан кейін, "Ғылым мен техника саласы бойынша 2013-жылғы мемлекеттік сыйлыққа" ұсынылған Ғалымқайыр Мұтановтың монографиясы кері қайтарылды. Қазір плагиат үшін айыпталған ректор қызметтік демалыста жүр. Ал, жоғарғы оқу орнының қызметкерлері болса, бұл университеттің беделіне нұқсат келтірмек ойы бар әлде біреулердің ісі деп топшылап отыр.  

Ғалымқайыр Мұтанов жайлы айтылып жатқанның барлығы Ұлттық университеттің имиджіне нұқсан келтіру үшін істеліп жатқан нәрсе

"Ғалымқайыр Мұтанов жайлы айтылып жатқанның барлығы Ұлттық университеттің имиджіне нұқсан келтіру үшін істеліп жатқан нәрсе. "Мұтанов, монографиясына 39 бетті көшіріп жазды", - дейді. Алайда, бірде-бір адам, сол 39 беттің кімнен көшіріліп жазылғанын айтпады. Бұл – кең көлемде жазылған монография", - делінген ҚазҰУ баспасөз қызметінің ресми мәлімдемесінде.

Өзгенің жұмысын көшіргені анықталғанымен, Ғалымқайыр Мұтановтың ғылыми атағы қала ма, жоқ па? Ол жағы әзірге белгісіз. Көкейдегі осы тектес көп сауалға жауап іздеп, Білім және ғылым министрлігіне арнайы хат жолдаған едік. Арада үш күн өткенімен министрлік қандайда бір ақпарат беруге асығар емес. Дегенмен сарапшылардың ойынша, ректорлық қызметке тағайындау, я қызметінен босату тек ел Президентінің ғана құзырында.    

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/277126-ylttyk-universitet-rektory-shynymen-de-yrlykshy-ma.html