RU

Алматыда ең қымбат үйлердің құны $15-25 млн шамасында

Қыркүйек айынан бастап елімізде баспана бағасы бірден 10 пайызға қымбаттамақ. Мұндай мәліметті риэлторлық агенттіктер таратып отыр.

Бір қызығы бағаның бұлайша күрт өсуіне шет елден келіп үй сатып алушылардың көбеюі әсер еткен көрінеді деп хабарлайды КТК арнасы. Мысалға Алматының өзінде қарапайым 2 бөлмелі пәтер құнына Түркияда теңіз жағасынан 2 қабатты зәулім сарай сатып алуға болады екен.

Қазірдің өзінде ең қымбат үйлер Алматыда. Орта есеппен бір шаршы метрі 2 мың АҚШ долларынан асып жығылады. Санаулы күндерден соң, ол баға да өзгереді деп отыр сарапшылар. Яғни, көпшіліктің баспаналы болу арманы тағы 10 пайызға алшақтай түспек. Мәселен, мына бір пәтер о баста табысы орташа азаматтарға есептеліп салынған екен. Алайда, риэлторлар енді мұны ақсүйектерге арнап сақтап отыр.

"Жылжымайтын мүлікті сатып алғысы келетін азаматтарға уақыт создырмай баспананы дәл қазір ала бастауға кеңес етер едік. Өйткені, келесі айдан бастап үйлердің бағасы күрт қымбаттайды. Біздің есебімізше, жылжымайтын мүлік нарығындағы мұндай серпіліс сұраныстың өсуіне байланысты болып тұр", - дейді Жылжымайтын мүлік агенттігі департаментінің бастығы Елена Кряжевских.

Ал елімізбен салыстырғанда Түркияда баспана құны анағұрлым арзан болып шықты. Теңіздің жағасында, арнайы хауызы бар екі қабатты зәулім сарайдың бағасы осы жазда Алматы қаласындағы екі бөлмелі пәтердің құнымен теңесіпті. Екеуінің де шаршы метрі шамамен 2170 доллар.Еліміздегі ең қымбат баспана Алматы қаласының нақ осы ауданында орналасқан. Мұндағы бір пәтердің құны 5 млн – 7 млн АҚШ долларына дейін барады. Ал мына секілді зәулім үйлер 15 млн АҚШ доллары және 25 млн АҚШ доллары тұрады. Қазіргі жылджымайтын мүлік нарығындағы қызу саудаға қарамастан, мұндай үйлерге сұраныс әзірге болмай тұр екен.  

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/277135-almatyda-en-kymbat-yjlerdin-kyny-15-25-mln-shamasynda.html