RU

Қазақстанда да сүндеттеуге саясат араласа бастады

"Нұр Отан" сүндеттеткен баланың суреті интернетке тарап кетіп, кей оқырман оған наразы болды. Ал партия өкілі сүндеттеу шарасына "нұротандықтардың" өз еріктерімен ақша жинап бергенін" айтады.

Қызылордада "Нұр Отан" партиясы ауруханаға апарып сүндеттеткен балалардың бірінің суреті интернетте жарияланып кетті. Ірі планда түсірілген фотода дәрігерлердің кішкентай ұл баланы қалай сүндеттеп жатқаны анық көрінеді. Ол суретті көрген оқырмандардың біразы баланың ата-анасы немесе ресми өкілінің рұқсатынсыз ондай фотоны жариялауға журналистің қақы бар ма деген сауал төңірегінде дауласты.

"Сурет авторының мұнысы әдептілік емес" дейді бір оқырман. Фотоны жариялаған веб-сайттар сурет авторының (облыстық телеарналардың бірінің журналисі) "баланың әке-шешесіне ескертілген, өйткені оны телеарналардың бәрі түсірді ғой" деген уәжіне сілтеме жасайды.

Интернет қолданушылардың кейбірі сүндеттелген балаларға велосипед сыйлаған "Нұр Отан" партиясының бұл шарасын "маркетинг амалына" теңейді.

"Нұр Отанның" басқа жұмысы қалмаған ба? Арзан пиар ғой. Оданша тұрмысы нашар жұртқа әлеуметтік көмек көрсетпей ме" дейді олар.

Қызылорда маңындағы Тасбөгет ауылының тұрғыны Ләззат Есмағамбетова "Нұр Отан" партиясының жағдайы төмен отбасылардан шыққан балалар мен жетім балаларды сүндеттеу акциясы аясында жетіге толатын ұлын қаладағы ауруханаға ертіп апарып сүндетке отырғызған.

"Әуелі үйде сүндетке отырғызамыз деп ойлағанбыз. Бірақ аяқ астынан хабарласып, барлық деректерді айтып тұрған соң, "Нұр Отан" деген соң келістім. Оның үстіне "сыйлығы бар екен" деп балам қызықты. Бірақ біршама ауырлау болды. Өйткені өзіміз қаладан алыстау жерде тұрамыз. Барғанда автобуспен барғанымызбен, қайтқанда балам жүре алмағасын таксилетіп қайттым. Жолда балам "ауырды" деп бақырып жылап келді", – дейді ол.

Қызылорда тұрғыны Мария Кеңес те ұлын сүндетке отырғызған екен. Оның үйі ауруханаға жақын болғандықтан аса қиындық көрмегенін айтады. "Бүгін барып, ұлдарымызды сүндетке отырғызып, телевизорға да түсіп қайттық. Негізі өзіміз де биыл отырғызайық деп отырғанбыз. "Нұр Отаннан" хабарласқаннан кейін қуанып кетіп, "балаларды жинап жатыр", "акция" дегесін жүгіріп барғанбыз. Баламызға сыйлық берді", – дейді ол.

"Нұр Отан" партиясы Қызылорда филиалы төрағасының орынбасары Абзал Мухимовтың айтуынша, акцияның алғашқы күні (14 тамызда) қала бойынша 17 бала сүндеттелген. Облыс бойынша қыркүйекке дейін шамамен 200 бала сүндетке отырғызылмақ. Абзал Мухимовтың сөзінше, "аймақта балаларын сүндеттетуге шамасы келмей отырған отбасылар бар, бұл – солар үшін көмек".

"Акция облыстағы "Нұр Отан" партиясы мүшелерінің жеке өзінің қаражатына ұйымдастырылып отыр. Олар өз еріктерімен ақша жинап берді. Негізі бұл сауап тірлік қой", – деді ол Азаттық тілшісіне.

Жаппай сүндеттеу шарасын өткізу Қазақстан үшін таңсық емес. 2009 жылы Орал қаласында жергілікті молдалар Түркиядан хирург шақырып, шамамен 400 баланы сүндетке отырғызған.

Бірақ Қызылордадағы шара – биліктің араласуымен тұңғыш рет өткен сүндеттеу. Орталық Азияда мұндай діни шараларға саясаткерлер жиі араласады. Жақында ғана Душанбе қаласының әкімшілігі жағдайы нашар және көп балалы отбасыларға арналған жаппай сүндеттеу акциясы жыл сайын өтетінін хабарлаған.

Ақпан айында Ауғанстанда да жергілікті саясаткердің бастамасымен кемінде 400 бала медициналық мекемеде сүндеттелген. Ал Өзбекстан президентінің қызы Гүлнара Каримова былтыр "1000 үйлену тойы мен 1000 сүндет тойын" өткізіп, сүндеттелген балаларға сыйлық (ойыншық, велосипед) берген кезде ол шараларға азаматтардың күштеп қатыстырылғаны белгілі болған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/277185-kazakstanda-da-syndetteuge-sayasat-aralasa-bastady.html