RU

Астаналықтар масаға таланып жатыр

Астаналықтар масаға таланып отыр. Биыл жәндіктердің өршігені соншалықты тұрғындар кешқұрым қала көшелеріне шығып, қыдырудан қалған. Ал, масадан мезі болған жұрт аурухана жағалап жүр деп хабарлайды КТК арнасы.

Күніне кем дегенде 10 адамның денесі бөрітіп дәрігерге шағымданады. Жағдайдың дәл бұлай ушығуына  толассыз жауған жаңбыр себеп, - дейді мамандар.  Ылғалды ауа райынан кейін онсыз да батпақтың ортасында тұрған бас қаламызды қос қанаттылар басып кеткен.

Қаптаған қара масадан әсіресе бүлдіршіндер мезі болған. Қалалық ауруханаға жәндік  шаққан жері бөрітіп күніне кем дегенде он бала келеді екен.

"Соңғы уақытта аллергия өршіп барады. Маса шаққан жері дүмпиіп ісіп кеткен немесе денесі бөріткен баласын жетектеген  ата-аналар бізге күнде шағымданады. Сондықтан барынша қауіпсіздікті сақтаған жөн", - дейді Астана қ. №2 балар ауруханасының дәрігері Эрина Сабелова.

Астананы қаптаған маса аядай ғана мына бөлмеде зерттеледі. Қала бойынша қосқанаттылардың ерекшелігін меңгерген маман да жалғыз екен.

 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/277214-astanalyktar-masaga-talanyp-zhatyr.html