RU

Күллі әлем музыка үшін Моцарт пен Бетховенге емес, әл-Фарабиге қарыздар

Күллі әлем музыка үшін Моцарт пен Бетховенге емес, әл-Фарабидің алдында қарыздар. Алматыға Марокко елінен келген Жауад Айдауи есімді пианино аспабының шебер орындаушысы- әрі композитор осылай деп тосын мәлімдеме жасады.

Жауад ару қаламыз Алматыға бірінші рет келіп отыр екен. Алматы көрерменіне пианино аспабы таңсық болмаса да, пианиноның пернетақтасында жүйріктей жүйткіген композитордың өнеріне тамсанбаған адам кемде-кем.

5 жасынан бастап өнерге құштар болып өскен Жауад туралы аудармашы былай деді.

"Ол алты жасында пианино класына барды, кішкентайынан өнерлі болып өсті. 11 жасында ол тіпті үлкендермен бірге оркестрде ойнады. Көптеген халықаралық байқауда классикалық әнді орындады", - дейді.

Ал, батыс пен шығыстың саздарын бір нотаға әдемі үйлестіре алатын композитордың продюсері әрі жан-жары Елена Науменко алматылықтарды тегін шебер-кластарға шақырды.

Марокколық композитордың ұстанатын басты бағыты еркін стильде өнер көрсету. Ол импровизацияға көбірек жүгінеді екен.

Сондай-ақ, Жауад Айдауи жиналған жұртшылықты мынадай бір мәлімдемесімен таң қалдырды. Оның айтуынша, "күллі әлем музыка үшін әл-Фарабидің алдында қарыздар" екен.

"Сіздер білесіздер ме, егер әл-Фараби болмағанда, Моцарт пен Бетховен болмас еді. Біздің бақытымзға орай әл- Фараби болды және сол үшін қуанамын", - дейді ол.

Алматылықтарға ұмытылмас әсер қалдырған Жауад алдағы уақытта да концерт беруге дайын екен. "Бастысы қала жұртшылығына қуаныш сыйлағым келеді",- дейді Марокколық композитор.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/278230-kylli-elem-muzyka-yshin-moczart-pen-bethovenge-emes-el-farabige-karyzdar.html