RU

Әлия Молдағұлованың сүйегі жерленген орын табылды

Ресейде Әлия Молдағұлова жерленген қабір табылып, 173 сарбаздың сүйегі көтерілді. КТК арнасының хабарлауынша, олардың қатарында қазақтың мерген қызы да болуы мүмкін.

Себебі бауырластар зиратында небәрі үш әйел адам жерленген екен. Алғашқы сараптама қорытындысына қарағанда, сүйектердің бірі Әлия Молдағұлова екені анық дейді іздестіру тобының өкілдері. Ал нақты жауап геномдық сараптамадан кейін белгілі болмақ.Бес айға жуық қамданып, төрт жарым мың шақырымды артта қалдырған экспедицияның Псков облысындағы ең қысқа, бірақ ең қиын жолы дәл осы. 28 адамнан жасақталған іздестіру тобы Әлия Молдағұлова жерленген жерді тауып, шындықтың көзін ашу үшін қазу жұмыстарына аттанды. Жол жөнекей тек қысқа-қысқа жөн сұрасуда.

Түнеу мен тынығу үшін қойылған лагерьдан негізгі жұмыстар атқарылатын жерге дейін барар жол түрлі табиғи қиындықтарға толы. Себебі төтесінен есептегеннің өзінде бұл қашықтық кемі екі шақырымға жуықтайды. Ал барар жолдың тең жартысы мибатпаққа айналған мынандай аудандардан тұратындықтан оны артта қалдыру үшін тізеге дейін су мен батпақты кешіп өтуге тура келеді. Сондықтан жолға жұмсалатын уақыт пен күш еселене түседі.

Діттеген жерге жетіп, іске кіріскен еріктілер қақаған қыста Қызыл әскер қатарындағы сарбаздардың бір жарым метрлік көрді қалай қазғанына таңқалуда. Қазірдің өзінде саз бен балшықты күрекпен көтеру оңай емес. Ал 1944 жылдың 14-15 қаңтарында өткен қанды шайқастарда 54-ші атқыштар бригадасының жартысы жер жастанған болатын.

Дәл осы бауырластар зиратында Әлия Молдағұлованың жерленгенін сарбаздардың бірінен табылған әскери медальон арқылы анықтауға болады.

"Алғашқы тексеруден соң бұл сүйектің әйел адамға тиесілі екенін айта аламын. Моңғолоидтік нәсілге тән бет сүйегі шығыңқы, кішігірім мұрын ойығы бар", - дейді сот-медициналық сарапшы Роман Зуев.

Ал бұл бөлімше қатарында Әлиядан басқа моңғолоид нәсілді қыздың болмағанын тарихи деректер растап отыр. Дегенмен нақты қорытынды геномдық сараптамадан кейін белгілі болмақ. Ол үшін батыр қыздың туыстары бірнеше сүйекті өздерімен бірге ала кетті.

Тек Әлия бұған дейін айтылғандай Монаковада емес, мүлдем басқа жерде жерленді дегенге оның өмірін 40 жыл зерттеген Ғалымжан Байдербес келіскен жоқ. Ғылыми еңбектері негізсіз дегені ғалымның шамына тисе керек, зират басында айқай шығарды.

Ал қазылып алынған басқа 173 сарбаздың сүйектері аруланып, қайта жерленді.

Болжам бойынша олардың қатарында қазақтың қаһарман қызы, құралайды көзінен атқан Кеңес одағының батыры Әлия Молдағұлова да болуы мүмкін. Іздестіру тобының жұмысы да бұнымен аяқтала қоймайды. Себебі ну орманда жерленген 543 сарбаздың үштен бір бөлігінің ғана сүйегі көтерілді.

Ал жерлігікті тұрғындар үшін Әлия Молдағұлованың есімі мен ерлігі мәңгі есте қалады. Сондықтан Монакова жерінде қойылған құлпытас өзгеріссіз күйде қалатын болды. Ал геномдық сараптама оңды нәтиже бере қоймаса, барлық 543 сарбаздың сүйегі көтерілген соң бұл оқиғада нүкте қойылатын болады. 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/278651-eliya-moldagylovanyn-syjegi-zherlengen-oryn-tabyldy.html