Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Абылай хан ауылы неге "Щучье" деп аталуы керек?

Опубликовано:

Осыдан үш жыл бұрын бір топ мәжіліс депутаты Петропавл қаласына Қызылжар деген тарихи атын қайтару туралы ұсыныс жасаған еді. Ол аяқсыз қалды.

Ал осы көктемде Қазақстан Журналистер одағының басшысы Сейітқазы Матаев Павлодарды – Сәтбаев, Өскеменді – Қонаев, Семейді – Абай деп өзгертсек қалай болады, деген ой тастады.

Жуырда тарих ғылымдарының докторы, Қазақстанға еңбек сіңірген қайраткер Қадыржан Әбуов Щучинск қаласының атын Абылайхан деп өзгерту керек деп орынды ұсыныс жасаған болатын. Онамастика заңына сәйкес, қала, ауыл көше аттарын өзгертуге сол жердің тұрғындары атсалысып, талқыға салуы керек.

Бұдан бірнеше жыл бұрын "Щучинский" деп аталатын аудан аты Бурабай болып өзгертілді, ал оның орталығы әлі Щучинск болып аталады. Бір кездерде осы маңдағы суларда шортан көп болғанға ұқсайды, бірақ оның атымен қаланы атау ыңғайсыз.

Профессор Әбуовтың ұсынысы көңілге қонады. Бурабайда Әбілмансұр (үш жүздің басын қосқан Абылай хан) ордасы елу жылдай тұрды. Осы өңірде оның ұрпақтары Қасымхан, Кенесары, Наурызбайлар туып-өсті.

Атақты Қанай би осы жерде отырды. Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақтар – осы өлкенің тумалары. Сондықтан Бурабай жерінің әрбір тасы қазақтың тарихымен тығыз байланысып жатыр. Мұндай жер жәннатын жыртқыш балықтың атымен қорламай, Абылай сияқты тарихи тұлғаның атымен аталса жарасып кетпей ме?

Қала тарихы XIX ғасырдан басталады. Қотыркөл стансасының маңындағы шағын ауылдағы алғашқы үйлер сол кездерде салыныпты. 1925 жылы Шучье селосына Көкшетаудан темір жол тартылған. Отызыншы жылдары оқу орындары, вагон депосы, тас үгітетін зауыт, шыны және нан зауыттары ашылады.

Сөйтіп, 1939 жылы Щучинск қала дәрежесіне жетеді. Тоқсаныншы жылдарда жүздеген отбасы босқын мәртебесін алып, Ресей, Германия, Изрильге қоныс аударды. Қазір мұнда жергілікті ұлт өкілдері басым тұрады.

"Бурабай мемлекет басшыларының кездесетін, халықаралық форумдар өткізетін және туристік кластер орталығына айналды, сондықтан елді мекенге қазақша атын қайтару керек. Биыл Абылай ханның туғанына 300 жыл мерейтойы аталып өтеді, осыған байланысты Щучинск қаласын Абылайхан деп өзгертуді ұсынамын", - деп мәлімдеді жергілікті басылымға берген сұхбатында тарихшы-профессор Қыдыржан Әбуов.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/278744-abylaj-han-auyly-nege-shhuche-dep-ataluy-kerek/

pixel