RU

Қызын өзге ұлтқа бергенін мақтанышпен айтатын аналар көбейді

Жуырда бір хикаяны естіп қайран қалдық. Дастархан басында бір топ ана жиналып қалды. Әйел отырған жерде әңгіме де қыза түседі емес пе? Әлден уақытта оңтүстіктің салт-дәстүрге бекемдігі, қазақтың келінге көзқарасы әңгімеге арқау болды.

Бір кезде сары шашты апа: "Ой, қойшы сол салт, дәстүр деп. Қазақтікі сол әйтеуір. Басқа орамал тағып, тұмшалап, күң ретінде жұмсайды келіп келінді. Иілдіріп сәлем салғызады. Одан қала берді, мұрынбоқ балаларына дейін сылау керек бәрін. Қызымды қазаққа емес, жапонға бергенім жақсы болыпты" деді салған жерден.

Не күлерімізді, не жыларымызды білмедік. Сонда қалай? Келінге тек қазақ күң ретінде қарай ма? Әлде сол жапон, түрік, күрттеріңіздің салты мен дәстүрі жоқ па? Келін жапонда да, өзбекте де, түрікте де келін емес пе? Қазақтықтан безінудің үлгісі осы ма? Қызын өзге ұлтқа бергенін мақтанышпен айтатын ана көбейді.

Ұлтты ұлт ретінде тәрбиелейтен ең алдымен Ана емес пе? Әйел – ұлттың ұйытқысы, бесік жыры арқылы ұрпаққа өнеге берер басты тұлға. Аналарымыз ұлттан безінгенде, қыздарға не ақыл айтуға болады? Сәлем салу – үлкенді сыйлау, ат тергеу – кішіге ізет көрсету, орамал тарту – тазалықты сақтау, бала тәрбиелеу, жарды ардақтау – табиғаттың әйелге жүктеген міндеті емес пе еді? Соны аналар ұғынбайды ма?

Әлде шашы жалбыраған, етегі қысқарған, омырауы ашылған, аузынан шіріген сөз шығарып, орысша шүлдірлеген ару бүгінгі қазақтың келіні ме?

Қазақ өріс кеңейтер қызға қырық үйден тыйым салып, тәрбиесіне ерекше ден қойған. Өйткені тұлымшағы желбіреп бүгін үйде еркелеген қыз ертең өзге үйге барып келін атанып, екі руды, екі елді байланыстырады. Қыз – елі мен туған-туысының абыройы іспеттес.

Ал келін – отбасының берекесін берік ұстаған Отанасы, абыройын адалдықпен сақтаған Жар, бесіктегі баласын әлдиімен тербетер Ана.

Шыны керек, кейде кәріс телехикаяларындағы сыйластық пен дәстүрге беріктікті көріп, еріксіз таңдай қағамыз. Бірақ дәл сондай сыйластықты сақтап, дәстүрін дәріптеген қазақты көрсек, неге бірден тіксіне қараймыз. Тіпті, "артта қалған ғой" деп келемеждейміз.

Жаһандану үрдісіне жұтылып кетпей, ата-бабадан қалған әдет-ғұрыпты, салт-дәстүрді сақтаған қазақ "артта қалған" емес, нағыз қазақ емес пе?!

"Біріншіден, бесік жырын айтатын келіндер азайып бара жатқанынан қорқамын, екіншіден, немерелеріне ертегі айтып бере алмайтын әжелердің көбейіп бара жатқанынан қорқамын, үшіншіден, дәстүрді сыйламайтын балалардың өсіп келе жатқанынан қорқамын. Өйткені бесік жырын естіп, ертегі тыңдап, дәстүрді бойына сіңіріп өспеген баланың көкірек көзі көр бола ма деп қорқамын..." деген екен батыр бабамыз Бауыржан Момышұлы.

Расында, дәстүрді сақтамайтын анадан, ұлттан безген қыздан қорқу керек шығар...

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/278751-kyzyn-ozge-yltka-bergenin-maktanyshpen-ajtatyn-analar-kobejdi.html