RU

Жас жігіттің ішінен бала денесінің бөліктері алынды

Таяуда Түркістан қаласындағы "Клиника Талғат" мекемесінің хирургия бөлімшесінде 22 жастағы жігітке күрделі операция жасалынды.

Бұл операция сондай-ақ өзінің аса сирек кездесетін ерекшелігімен де жұртты таңқалдырып отыр. Жас жігіттің бір ай бойы іші ауырып мазасын алыпты. Тіпті дене қызуы көтеріліп, қатты мазасызданғаннан соң ол емханаға барып көрінеді.

Ал бұл науқасқа дәрігерлер "тератома" деген диагноз қояды. Тератома деген – іштегі ісік. Міне, сол тератоманы ішке жасалған операция кезінде бөлшектеп кескен кезде одан тіс, қол, иық және жауырын сүйегі бар, дамымай, өспей қалған эмбрион шығады.

Науқасқа операцияны жасаған соң дәрігерлер тератоманы Алматы қаласындағы "Гем" зертханасына жібереді. Ондағылар да мұның тератома екенін нақтылайды. Қазір ішінен тератома алынған жігіттің денсаулығы жақсы, бірқалыпты күйде. Ол өз ауылында аман-есен жүріп жатыр.

P.S. Естеріңізде болса, осындай бір оқиға Шымкентте 2003 жылғы көктемде орын алған еді. Қаладағы жедел жәрдем ауруханасында 7 жастағы ер балаға ота жасалып, оның денесінен құрсақта жатқанда дамымай қалып, сыңарының ішіне біткен эмбрион бөліктері алынған болатын.

Паразит-эмбрионның сыңарының денесіне іштей немесе сырттай бітуі табиғатта кездесіп тұрады. Ғалымдардың есебінше, ол әрбір 500 мыңыншы дүниеге келген адамның бірінде кезігуі мүмкін екен. Аталғандай құбылысқа негізінен Сиам егіздері жиі ұшырайды екен. Яғни құрсақтағы егіз ұрық өсе келе біреуі дамымай қалады да, оның қалыптасып үлгерген дене бөліктері өсіп келе жатқан тірі ағзаның сыртына немесе ішіне жабыса бітеді.

Мұндай жағдайдағы бала өз ағзасындағы паразит-ағзаны кішкентай кезінде де, жоғарыдағы оқиғада айтылғандай, үлкейіп, азамат болып қалғанда да сезінуі мүмкін. Паразит-эмбрионның кей түрлері медицинада "тератома" деп аталады.

Негізі ол гректің "құбыжық" деген сөзінен шыққан.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/280087-zhas-zhigittin-ishinen-bala-denesinin-bolikteri-alyndy.html