RU

Абылай ханның қытай императорымен жазысқан хаттарында сенсациялық мәліметтер бар

Қытайдан қазақ ғалымдары әкелген Абылай хан мен қытай императоры Цяньлунның жазысқан хаттарының көшірмелерінде сенсациялық мәліметтер бар.

Бұл туралы бүгін Қазақстан Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз мәслихатында Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының бөлім меңгерушісі Меруерт Әбусейітова мәлім етті, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

"Қазір Абылай ханның 300 жылдығына арналған үлкен шара дайындалуда. Бұл сирек құжаттар - Абылай ханның көрші елдердің басшыларымен жазысқан хаттары. Бұл сенсациялық материалдар, онда қазақ хандары мен қытай басқарушыларының арасындағы дипломатиялық байланыстың орнатылғаны жөнінде көрсетілген. Құжатта сенімді байланыс орнағанын көруге болады, Абылай хан мен Цяньлун алысқан көп хаттарда тілек, құттықтау білдірілген, тіпті Қазақ хандығының Цин империясында елші тағайындағаны жөнінде мәлімет бар", - дейді Меруерт Әбусейітова.

Оның айтуына қарағанда, қазақ тарихшыларына мұрағат құжаттарын жүйелеу үшін көп жұмыс атқару керек екен.

"Біз осы құжаттардың әлемде баламасы жоқ электронды нұсқасы мен тізбесін жасамақпыз. Бұл Қазақстан тарихы, мәдениетінің жәдігерлерін, қағаз бетіне түскен деректерін, мұрағат метариалдарын қамтымақ. Бұл болашақ ұрпаққа қалатын өте ауқымды мәдени-тарихи мұра, қазына",- деп отыр ғалым.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/281013-abylaj-hannyn-kytaj-imperatorymen-zhazyskan-hattarynda-sensacziyalyk-melimetter-bar.html