RU

Жаңа министр білім саласына үлкен өзгерістер енгізбек

Жақында тағайындалған ҚР Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов журналистерге берген сұхбатында білім жүйесіне үлкен өзгерістер енгізуге ниеттеніп отырғанын мәлім етті, деп хабарлайды BNews.kz.

"Менің келгеніме бір апта болды. Қазір жұмыстың қыр-сырын байқап, қандай міндеттер, қандай мәселелер бар екенін зерттеп-зерделеп жатырмын. Елбасымен өткен кездесуде ол білім жүйесінің алдында тұрған міндеттерді айқындады. Бұл міндеттер қысқа уақытта іс-шаралар жоспарында көрініс табады. Оны жуық арада Үкіметке ұсынып, бекітеміз. Бұл жерде бюджеттік мәселелер де бар. Сондықтан біз жаңа іс-шаралар жоспарын ұсынамыз", - деді министр.

Жаңа басшы бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз жұмыс жасайтынын ерекше атап өтті.

"Білім жүйесінде үлкен өзгерістер болады. Келесі кезеңге қадам басамыз. Міндеттерді қалай орындаймыз, қандай мерзімде - бұл сұрақтарды үкімет деңгейінде талқылауымыз қажет", - деп отыр Сәрінжіпов.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/281119-zhana-ministr-bilim-salasyna-ylken-ozgerister-engizbek.html