RU

ОҚО-да төрт мүйізді қошқар табылды

Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам ауданының Қарабұлақ ауылының тұрғыны Нәдір Хасантаевтың үйінде төрт мүйізді қошқардың бар, деп жазады өңірлік "Замана" газеті.

"Ауылда мүйізі бұғы секілді қошқар бар, дейді жергілікті тұрғындар" деп жазады басылым.

"Қошқар менікі, төрт мүйізі бар, бірақ бұл жөнінде осыған дейін ешкімге айтқанымыз жоқ еді, – дейді мал иесі Нәдір Хасантаев. – Үйде көптеген жылдардан бері мал ұстаймыз. Бұрын-соңды мұндай қошқарымыз болған емес. Мұның жасы енді төртке толады. Біреулер көріп қойса керек, әңгіме тарап кетті. Енді оны ұрлап кете ме деген қаупіміз де жоқ емес. Бұған дейін талай қошқар көріп жүрміз, мынау ерекше болып тұр. Тамақ берсең, тоймайды, жей береді. Бірақ өзі бұқа секілді дәу болып та кеткен жоқ, дене пішімі басқа қошқарлармен бірдей. Ал салмағы 43 келі".

Тұрқы шағын болғанымен үлкен қошқарларды қорқытады. Сүзісетін болса қарсыласына басқалар секілді шегініп жүгірмейді, тұрған жерінен алға ұмтыла салады. Соғысқанда ана қошқардың құлағанын немесе кері бұрылып, қашып бара жатқанын көресің.

"Естіген адамдар арасында таңданып, көру үшін әдейілеп алыстан келіп жатқандар да бар. Маған сат деп қомақты қаржы ұсынғандар да болды. Бірақ ағамның сатқысы жоқ. Мұндай қошқар өте сирек кездеседі. Сондықтан оның тұқымы да күшті болуы керек қой", дейді ауыл тұрғыны. Бір қарағанда бұл қошқардың өзгелерден ерекшелігі жоқ. Бірақ алыстан көзге көрінері – мүйізі болып тұр. Ауылда бұған дейін алты аяқты бұзау туған, тіпті үш бұзау тапқан сиыр да бар екен.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/282092-oko-da-tort-myjizdi-koshkar-tabyldy.html