RU

Атырау облысында "махаббат ауруы" белең алды

Атырау облысында "махаббат ауруы" немесе мерезге шалдыққандар қатары көбеюде. Өткен жылы аймақта осындай дертті 111 адам жұқтырса, биылғы жылдың 8 айында 179 науқас тіркеліп отыр деп хабарлайды КТК арнасы.

Дәрігерлердің айтуынша, мерезбен ауыратындардың көпшілігі еркек кіндіктілер. Ең сорақысы, олар өздерінің ауру екендіктерін біле тұрса-дағы намыстанып, емделуден бас тартатын көрінеді. Ондайларды тәртіп сақшыларының көмегімен, ауруханаға күштеп әкелуге тура келеді екен.

Әмина - мерез дертімен тіркеуде тұрғандардың бірі. Екі баланың анасы. Аты жаман ауруды осыдан 4 жыл бұрын өзгеден емес, өзінің сүйіп қосылған алғашқы жарынан жұқтырыпты. Дер кезінде ем-дом алып, жазылып шыққан. Үшінші сәбиіне жүкті болып, емханаға тіркеуге келгенде бойынан осы бәле тағы анықталып отыр. Сөйтсе, екінші күйеуі де мерезбен ауырады екен.

"Жолдасымның салғырттығынан болар, жеңіл жүрісінен болар, осындай халде тұрмын. Ендігі бар тілегім, ішімдегі шаранама осы ауруым берілмесе екен деймін", - дейді ол.

Дәрігерлер мерездің белең алуына сауатсыздық, жеңіл жүрістілік себеп деп отыр. Мұны жұқтырғандардың дені 17 мен 49 жас арасындағылар. Елуді еңсерген отағасылар да жоқ емес. Сондай-ақ мұнайлы өңірге жұмыс іздеп келген шетелдік келімсектерден де қауіп көп.

"Мерездің дендеуіне миграция себеп. Басқа облыстардан, алыс-жақын шетелдерден көп келеді. Негізінен жұмысшылар, күзетшілер жеңіл жүрісті қыздарды жағалап, осы дертті жұқтырады. Бір қызығы, бізде тек осы диагнозбен 4-ақ жезөкше тіркелген", - дейді дерматовенеролог Мира Бердешева.

Аймақта мерезге шалдыққандардың 90 пайызы ауруды мойындамайды, емделуге көнбейді. Ондайларды инспекторлардың көмегімен ауруханаға сүйреп әкелуге тура келеді екен.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/282278-atyrau-oblysynda-mahabbat-auruy-belen-aldy.html