RU

Kaspi bank-тің үстінен іс қозғалды

Соңғы кездері еліміздегі екінші деңгейлі банктердің басынан қара бұлт кетпей қойды. Жыл басынан бері Ситибанк, Халық банк, БТА банктерінің қызметтеріндегі шикіліктерді ҚР Ұлттық банкі әшкерелеген болатын.

Енді міне Алматы қаласының Антимонополиялық инспекциясы Kaspi bank-ке жосықсыз бәсекеге бой алдырды деген айып тағып отыр. Біраз уақыт бұрын Kaspi bank "Сіз үшін тағы не істей аламыз?" атты жарнамалық компаниясының атауын "Kaspi тұрғанда басқа банкті қайтесіз?" деп өзгерткен болатын.

Сол-ақ екен, Алматы қаласының Антимонополиялық инспекциясына "жосықсыз бәсекеге" қатысты шағым түскен. Онда шағымданушы банктің "Kaspi тұрғанда басқа банкті қайтесіз?" ұранымен шыққан жарнамалық ролигі өзге қаржы орталықтарының жұмысына көлеңке түсіреді.

Сондай-ақ, Kaspi-ден басқа елімізде қызмет көрсету деңгейі жетілген және түрлі қаржы операцияларын жүзеге асыратын банктер жетерлік деп атап өткен. Осыған орай бұл ҚР заңнамасына қарама-қайшы болып келеді. Банк жарнама тұтынушыларға жалған ақпарат беріп отыр делінген.

Инспекция басшылығы түскен шағымға қатысты іс козғап, тергеу амалдарын жүргізуде. Бір қызығы Kaspi bank басшылығы бұл туралы мүлдем білмейді екен.

Kaspi bank-тің Басқарушы директоры Лариса Пактың айтуынша, "Kaspi тұрғанда басқа банкті қайтесіз?" деген атпен жарыққа шыққан жарнамалық роликке қатысты ресми түрде ешқандай ескертпе хабарлама алмапты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/282808-kaspi-bank-tin-ystinen-is-kozgaldy.html