RU

Ираннан Қасым хан туралы деректер келді

Тегеран қаласындағы қоғамдық және жеке кітапханалардың қолжазба қорларынан табылған Қасым хан туралы кезекті, тың деректер алдағы күндері тарихымыздың бір бөлігін айқындай түседі.

Шығыстанушы ғалымдар Иран Ислам Республикасынан қазақ хандығын нығайтып, көркейткен хан туралы біраз деректерді жинастырып, Қазақстанға алып келді.

"Тарихи дерекнамада Қасым ханның келбеті, үлкендерді сыйлайтын қасиеті, көмегі қажет болған жағдайда тартынып қалмайтын кеңпейілділігі тиек етілген",- дейді зерттеушілер.

Ираннан жеткізілген бес қолжазбада қазақ хандығының Қызылбас мемлекеті, Ирандағы Сефевит мемлекетімен қарым-қатынасы туралы баяндалған. Ал Сефевит, Шайбани әулеті мен соғысқа қатысты тарауларында Қасым ханның бұл оқиғаға тікелей араласқаны жазылған.

Сондай-ақ оның өзбек билеушілеріне көмек беріп, Сефевит, Қызылбас мемлекеттерімен соғыс жүргізгені туралы деректер бар.

Шығыстанушы ғалымдар: "Парсы тілінде жазылған тарихи құжаттар он бір-он сегізінші ғасырлар аралығын қамтиды", - деп отыр. Олар Қасым ханның көрші елдермен дипломатиялық байланыс орнатуға бағытталған хаттарының көшірмесін де әкелді.

"Әсіресе, Мұхаммед Шайбани ханның көмек сұрап адам жібергенде Сарайшық қаласында отырған Қасым хан оған бес-алты күн ішінде 160 мың әскерді жинап беріп, өз ұлы, атасымен бірге Шайбаниға жеткізгені жайлы мәліметтер Қазақ хандығының тарихы үшін өте маңызды", - дейді шығыстанушы Ғалия Қамбарбекова.

"Мұхаммед Шайбанидің Қасым хан атынан ақша, теңге соғуы сынды қызықты деректері бар. Оның бәрі басқалармен салыстырылатын үлкен тақырып", - дейді шығыстанушы Нұрлан Атығаев.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/283300-irannan-kasym-han-turaly-derekter-keldi.html