RU

Заңгерлер еліміздің заңдарын қазақ тiлiнде жазуды ұсынды

Отандық заңгерлер Қазақстанда Заңдар мен ресми нормативтiк құжаттарды қазақ тiлiнде жасау ұсынысымен Үкiметке шықпақ.

Бұл туралы "Ғылыми лингвистикалық сараптама жүргiзу және заң терминдерiнiң қолданылу ерекшелiктерi" атты дөңгелек үстелден кейін BNews.kz тiлшiсiне сұхбат берген ҚР Премьер-министрi Кеңсесi Бақылау және құжаттамалық қамтамасыз ету бөлiмi меңгерушiсiнiң орынбасары Жолтай Әлмашев мәлімдеді.

"Заң жобаларын мүмкiндiгiнше алдағы уақытта мемлекеттiк тiлде дайындап алып, орысшаға аударсақ деген мәселенi күн тәртiбiне қойып, оны бiз тиiстi мекемелерге, жоғарғы жаққа, Прездидент Әкiмшiлiгiне дейiн жеткiзсек деген мәселенi қолға алып отырмыз", - дедi Ж.Әлмашев.

Оның айтуынша, сонымен қатар мемлекеттiк тiлде дайындалатын Заң жобаларында халықаралық терминдердi қолдану мәселесi де назардан сырт қалмай отыр.

"Терминдердiң барлығын аударуымыз керек пе, жоқ па мұны да нақты шешу керек. Ғалымдардың бiр тобы терминдердi мiндеттi түрде аударуымыз қажет десе, кейбiреуi сол күйiнде қалдыруымыз керек деп жатады. Бұл мәселе өз шешiмiн табуы қажет", - деп толықтырды ол.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/283569-zangerler-elimizdin-zandaryn-kazak-tilinde-zhazudy-ysyndy.html