Выйти
RU

Алматыда қарақшылық шабуылдан қаза тапқан азамат жерленді

Рассказать в Telegram Рассказать Вконтакте

Алматы орталығында қарақшылық шабуылдан оққа ұшқан азаматтың денесі жер қойнына тапсырылды. Алайда марқұмның туыстары да әріптестері де бұл қайғылы оқиғаға қатысты қандайда бір мәлімет беруден бас тартып отыр.

Тіпті тәртіп сақшылары да қандықол қарақшыларды құрықтауға қауқарсыздық танытуда. Атпалдай азаматынан айырылып, қайғыдан қан жұтқан отбасы, өткен сенбіде Олег Крыловты ақтық сапарға шығарып салды. Оны мәңгілік мекеніне аттандыруға туған-туыстары мен жора-жолдастары жиналған.

Алайда көкейін күйік кернеген жандар тілшілермен тілдесуге құлықсыз. Сондықтан асыраушысынан айырылған отбасыға компания тарапынан қандай көмек көрсетіліп жатқаны әзірге белгісіз. Өйткені "Тревел Экспресс" туристік агенттігінің өкілдері әлі күнге болған жәйға қатысты жақ ашқан жоқ.

"Компания марқұмның отбасына көмектесуі керек деп ойлаймын. Себебі Олег қасық қаны қалғанша қарақшылармен күресті. Оқиға орнынан қашып кеткен жоқ. Сондықтан қызмет бабында жүріп мерт болған азаматтың отбасы қараусыз қалмауы керек. Бұл компанияның міндеті", - дейді марқұмның көршісі Мұрат Мұқашев.

Ал бір ажалдан аман қалған екінші азамат әлі де аурухана төсегіне таңулы. Оның жағдайын дәрігерлер орташа деңгейде дейді. Сондықтан жарақаты тез жазылса Андрей Савченко екі аптадан кейін үйіне қайтарылуы мүмкін.

"Науқастың жағдайы қазір бірқалыпты орташа. Хирургия бөліміне ауыстырылған. Қазір жағдайының орташалығына байланысты жалпы бөлімге жатқызылды", - дейді дәрігерлер.

Айта өтейік өткен аптада туристік компанияның екі бірдей күзетшісіне қарақшылық шабуыл жасалып, бірі сол мезетте мерт болған еді. Тапаншадан оқ жаудырған күдіктілер осылайша он миллион теңгені ұрламақ болған. Алайда оңай олжаны көздегендер тегеурінді қарсылыққа тап болып, қашып кеткен.

Одан бері бес күн өтсе де тәртіп сақшылары күдіктілердің ізіне түсе алмай отыр екен. Тіпті қарақшылардың бейнекамераға түсіп қалған түр-тұлғасы да қылмысты жылдам ашуға көмектесер емес.

Қазақстандағы соңғы жаңалықтар мен фото, видео және өзге де эксклюзивтер жайлы алғашқылардың бірі болып біліңіз!

Тағы да оқыңыздар
Жүктеу...
Алматыда қарақшылық шабуылдан қаза тапқан азамат жерленді