RU

АҚШ-та дефолт болуы мүмкін

Америкаға дефолт қаупі төніп тұр! Бұл туралы Ақ үй басшысының өзі мәлімдеді. Барак Обама республикандықтардың мемлекеттік қарыз бойынша елді тақырға отырғызуынан ірі бизнес өкілдері қауіптену керек деп баса айтты.

Барак Обама өзінің телесұхбатында Конгресс жетекшілері мемлекеттік қарыз мөлшерінің артуына дауыс бермейінше бюджет жөнінде олармен келіссөз жүргізбейтінін мәлімдеді.

Айта кетейік, Америкада екі күн бойы ұлттық парктер мен туристік орындар, үкіметтің ғаламтор қорлары, кей мекемелер мен бейбітшілік ескерткіші жұмысын тоқтатқан. Ал республикандықтар мен демократтар жағдайға бір-бірін кінәлап әлек.

Мемлекеттік қарыз мөлшерін бекіту мерзімі, яғни 17 қазанға дейін екі тарап бір шешімге келмесе, АҚШ-та шығын орнын толтырар қаржы сарқылады.

"Мені бәрі сабырлы адам ретінде таниды. Кейбірі тіпті тым сабырлысын деп жатады. Мен ашуланбаймын, себебі мұның түкке қажеті жоқ. Конгресс жетекшілеріне тағы ескертемін: үкімет жұмысының жаңаруы жайлы нақты заң жобасы дайын болмайынша мен олармен келіссөз жүргізуден бас тартамын", - дейді Барак Обама.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/284443-aksh-ta-defolt-boluy-mymkin.html