RU

Шет елдің сәулетшісі Алматының болашағына алаңдаулы

"Алматыны жағалай салынып жатқан ғимараттар, ертең қала тұрғындарына кері әсерін тигізеді". Бұл туралы шаһарда өткен баспасөз жиынында еуропалық танымал сәулетші мәлімдеді.

Оның айтуынша, Алматы тарихи келбетін жоғалтып барады. "Бұрындары көшелердің бойында "Апорт" алмасы жайқалып өскен Алматыны қазір тану мүмкін емес" - дейді ол.

Іле Алатау бөктерінің етегінде орналасқан қаланың сәулет үлгісіне қала тұрғындары да алаңдаулы. Айтуларынша, соңғы 30-40 жылда Алматының келбеті қатты өзгерген. Бұрын қаланың шекарасы оңтүстігінде Тимирязев көшесі, шығысында Кіші Алматы өзені, солтүстігінде Райымбек көшесі, батысында Жұмағали Саин көшелерімен шектелген. Тұрғындар "сол кезде қалада жүріп тұру қолайлы болатын"-дейді. Тау бөктеріне дейінгі жасыл желекте мал бағылатын, бау-бақша, жеміс-жидек, көкөніс, әсіресе, дүниежүзіне атағы шыққан "апорт" алмасының бақтары мол болғанын айтады.

Бұрынғы кезде әрине Медеуден керемет жел соғып, Алматының ауасы таза болатын. Енді қазір көптеген үйлер салынып, Алматының ауасы тарылды ғой енді.

Ол кездегі архитектура басқа еді. Түрі де басқа болатын. Менің студенттік өмірім де осында өтті. Қазір енді тану қиын.

Бұл мәселеге бүгін еуропалық сәулетші Мануэль Нуньенс-Яновски де тоқталды. Ол соңғы рет осыдан 15 жыл бұрын Алматыға келіп кетіпті. Сол кезден бергі аралықтың өзінде қаланың едәуір өзгергенін айтады.

"Мені қатты алаңдататыны Алматы барған сайын жайылып, созылып барады. Бұл қаланың тұрғындарына кері әсерін тигізеді. Себебі, қазір қаланың қайдан бастау алып, қай жерден бітетіні белгісіз. Бұл дұрыс емес", - дейді еуропалық сәулетші Мануэль Нуньенс Яновски.

Мамандардың айтуынша, Алматы қаласы құрылысының бас жоспары 2002 жылы бекітілген. Қазіргі уақытта оны жаңарту мәселесі қаралуда. Оған еуропалық сәулетшілерде ат салыспақ.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/285132-shet-eldin-seuletshisi-almatynyn-bolashagyna-alandauly.html