RU

Үндістанда бала шығаратын фабрика ашылады

Әлемде медицинаның көмегімен, жасанды жолмен ұрпақ әкелу барынша дамыған ел Үндістан болып шықты. Бұл елде коммерциялық-суррогаттық жолмен дүниеге сәби әкелетін әлемдегі тұңғыш клиника ашылмақшы.

Сәби сүюге мүмкіндігі жоқ көптеген ата-аналар қазірден бастап осы емхананың қызметіне жүгінуде, деп хабарлайды BBC. Гуджарат штатының Ананд қаласындағы бұл емхананың құрылысы әлі аяқталмағанымен, қазірдің өзінде шетелдіктер үшін бала туып беретін 100-ге жуық әйел "сақтандыруда жатыр".

Бала туғаннан кейін суррогат ана 8 мың доллар көлемінде ақша алады. Мұндай ақша Үндістан үшін қомақты болып тұр. Өйткені бұл қаражатқа бір отбасы үй салып, балаларын жақсы мектепке орналастыра алады. Негізінен жергілікті тұрғындардың бір айлық табысы шамамен 40 долларды құрайды.

Сондықтан да Доктор Наяни Пател негізін қалаған "бала шығаратын фабрикада" жұмыс істеу ол жердің әйелдері үшін аса табысты іс болып отыр. Олардың көбісі ақша үшін бірнеше рет бала тууға тілек білдіреді екен. Бірақ емхананың басшылығы бір әйелді үш рет бала туған соң қабылдамайды. Мемлекет бұл бизнеске елге айтарлықтар қаржы тартатындықтан, қолдау көрсетеді.

Әрбір туған бала үшін емхана 30 мың долар көлемінде табыс табады. Сондай-ақ, болашақ ата-ананың "тапсырыс беру" үшін Үндістанға келуі міндетті емес екен. Шетелдіктер тек қана емханаға ұрықтарды берсе болғаны. Содан соң бала туған кезде, ата-анаға хабарланып, биологиялық ата-анасы сәбиді алып кетеді екен.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/285909-yndistanda-bala-shygaratyn-fabrika-ashylady.html