RU

Жұлдыздар ашуға тез берілгіш банкирлерден қорғану жолдарын көрсетті

"Ендігәрі қазақ қыздары осындай қорлық көрмесе екен, азаматтар нәзік жандыларға қол көтермесе екен" деген "Эйр Астана" әуекомпаниясы қызметкерінің тілегі қабыл болса жақсы.

Ал, күтпеген жерде осыған ұқсас жағдай қайталана қалса, нәзік жандылар Ботабаев сынды банкирлердің жұдырығына тағы да тап болса не істеу керек?  31 арна тілшілері қалтасында 10 000 доллары бар, ашуға тез берілгіш банкирлерден қалай қорғанып жүру керектігін білуге тырысты.

Нұркенжегүл Байғазиева күндердің күнінде бөтен еркектен таяқ жеймін деп ешқашан ойламаса керек. Бәрі кенеттен, күтпеген жерде, күтпеген адамнан болды. Костюм-шалбар киіп, банкир деген атағы бар азаматтан ондайды ешбір ару күтпейтін де шығар. Бірақ, жұдырыққа жұдырықпен жауап беру керек еді деп өзі бірнеше рет азаматтардың тарапынан қиянат көрген әнші Меруерт Түсіпбаева осындай пікір білдірді.

Әнші осындай азаматы бар қоғамда жүрген қыздарға жаппай спортпен шұғылдануға да кеңес берді. Жігіт қызға қол көтере қалса, нәзік жандылар қарап тұрмай қорғанып, есесін жібермесе екен деген ол тіпті, камера алдында өзі білетін бір-екі тәсілін де көрсете кетті.

Соңы кешіріммен аяқталған бұл оқиғаны спектакль деп қабылдағандар да табылды. Мәселен, қоғам белсендісі Мұрат Телібеков Ботабаевтың кешіріміне сенбеді. Ол мұндай қадамға қылмыстық істің қозғалуынан қорқып барды, ал кешірген әйел қазақ қыздарының намысы таптала беретінін көрсетті деп ашынды. Жәбір көрген әйелдің орнында болса, Ботабаевтың "әкесін танытатын едім" дейді ол.

Әйелге қол көтеретіндердің дені Шымкенттіктер деген қаңқу сөздерді де жиі еститініміз бар. "Шаншар" театры да осыған қатысты әңгімені әзілмен жеткізгені ел есінде. Халықтың жадында Шымкент-шоу театрының жетекшісі, актері Берік мырзаның да оғаш қылығы да қалған еді.

Бірақ Ботабаевтың оңтүстіктіктің тумасы ма жоқ па ол жағын білмейміз. Банкир неге кассирді ұрғанын да сол күйі айтпады. Уәлібек Әбдірайымов айтқандай кассир қыз ұруға белгі берген, бермегені де белгісіз.

Ал, әйеліме ешқашан қол көтермедім деген Шымкенттік Сәбит Әбдіхалықов кейде бар бәле әйелдердің тілінен де болуы мүмкін деген ой қосты.

Меруерт ханым  қол көтеретін азаматтардан бокс тәсілдерімен қорғана аламыз деді, Мұрат Телібеков ондай жағдай қайталанбас үшін "банкирдің әкесін таныту керек" деді, ал сіз Сәбит мырза нәзік жандыларға қандай ақыл, кеңес айтқан болар едіңіз. 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/286286-zhyldyzdar-ashuga-tez-berilgish-bankirlerden-korganu-zholdaryn-korsetti.html